Қарағандыда экскаватор 62 жастағы әйелді қағып кетті

Динара Амантай

Күдікті оқиға орнынан қашып кеткен

Фото: polisia.kz

Қарғандыда белгісіз экскаватор жаяу жүргіншіні қағып кетіп, салдарынан 62 жастағы әйел қайтыс болды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, бүгін қалалық ПБ-ға Магнитогорск көшесіндегі автобус аялдамаларының бірінің маңында белгісіз экскаватордың жаяу жүргіншіні қағып кеткендігі туралы хабарлама түскен. Жол апатынан 62 жастағы әйел оқиға орынында алған дене жарақатынан қайтыс болған. Ал оны қағып кеткен жүргізуші ол жерден қашып кеткен.

Аталған дерек бойынша қалалық ПБ-ның барлық жеке құрамына бағыттама берілді. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында жаяу жүргіншіні қағып кетті деген күдікпен 61 жастағы экскаватор жүргізушісі ұсталды.

ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөліміне сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.