Halyq Uni логотип
×

ҰҚК Кәрім Мәсімовтің денсаулығына қатысты ақпарат беруден бас тартты

Мәсімов 2022 жылдың қаңтарында қамауға алынды

 Халық үні 28.03.2023 | 09:45
ҰҚК Кәрім Мәсімовтің денсаулығына қатысты ақпарат беруден бас тартты
Коллаж Halyq Uni

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қаңтар оқиғасынан кейін істі болған Кәрім Мәсімовтің денсаулығына байланысты ақпарат таратудан бас тартты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бұған дейін БАҚ-та ҰҚК-ның бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке шұғыл операция жасалғаны туралы ақпарат тарады. Сондай-ақ Мәсімовтің Астанадағы сот процестерінің бірінде есінен танып қалғаны айтылды.

Halyq Uni комитетке ресми сауал жолдап, Кәрім Мәсімовке қандай диагноз қойылғанын және операция жасалғанын растап немесе жоққа шығаруын сұрады.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» заңның 273-бабының 1-бөлігіне сүйеніп жауап берді. Ол жерде медицина қызметкері құпиясы туралы айтылған.

Дербес медициналық деректер, медициналық көмекке жүгіну фактісі, адам денсаулығының жай-күйі, оның ауруының диагнозы туралы ақпарат және оны зерттеп-қарау және (немесе) емдеу кезінде алынған өзге де мәліметтер медицина қызметкері құпиясы саналады, - делінген заңда.

Сонымен қатар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жауабында Кәрім Мәсімовке қатысты ақпарат қолжетімділігі шектелген ақпаратқа жататыны айтылған.

Айта кетейік, Кәрім Мәсімов 2022 жылдың 8 қаңтарында ұсталды. ҰҚК 25 тамызда Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарларына қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады. 18 қарашада Кәрім Мәсімовтің ісіне қатысты сот басталды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама