Журналист Махамбет Абжанға қатысты сот үкімі заңды күшіне енді
Сотта кәсіпкерден 50 млн теңге ақша бопсалағаны анықталды
Журналист Махамбет Абжанға қатысты үкім заңды күшіне енді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Абжанға сот үкімі 2023 жылдың 3 ақпанында Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында шығарылды.
Оған қатысты іс бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланып, ірі залал келтіруге әкеп соққан көрінеу жалған ақпарат тарату фактісі бойынша (қылмыстық кодекстің 274-бабының 3-бөлігі) және аса ірі мөлшерде бопсалау фактісі бойынша (қылмыстық кодекстің 194-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы) қаралды.
Абжанға қылмыстың жиынтығы бойынша 9 жылға бас бостандығынан айыру тағайындалды. Ол жазасын қауіпсіздігі төтенше қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.
Осы үкіммен келіспей, сотталған мен оның қорғаушылары сот актісіне апелляциялық тәртіппен шағымданып, Абжанды ақтауды сұрады. Сот актісінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болмағандықтан, үкім өзгеріссіз қалдырылды және заңды күшіне енді, - делінген Астана соты таратқан ақпаратта.
Сот Абжанның «ABZHAN NEWS» телеграмм-каналының иесі және авторы болып, 2022 жылдың маусымынан шілдесіне дейін БАҚ-ты пайдалана отырып, «Астана-өңірлік электржелілік компаниясы» акционерлік қоғамдастығы басқарма төрағасының орынбасары Г. Қожабаевқа, «Астана Жылу транзиті» басқарма төрағасының орынбасары К. Мукинге және Р. Махатқа (жеке кәсіпкер) қатысты көрінеу жалған мәліметтер жариялағанын анықтады.
Сондай-ақ кәсіпкер Махаттан 50 млн теңге сомасында ақша бопсалаған.