Вице-министр Шымкенттегі балалардың улануына қатысты түсінік берді

Динара Амантай

Оқу-ағарту министрлігінің қатысуымен жедел штаб құрылды

Фото: t.me/aqorda_resmi

Оқу-ағарту министрінің тапсырмасы бойынша Шымкентте 14 баланың уланып қалуына байланысты жедел штаб құрылды. Бұл туралы бірінші вице-министр Шолпан Каринова Facebook-тегі парақшасына жазды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Кеше вице-министр жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша республикалық олимпиаданың өту барысын бақылау мақсатында Шымкент қаласына Балалардың құқығын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова, Орта білім комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаевпен бірге барған.

Министрдің тікелей тапсырмасы бойынша олимпиадада болған мәселелерді анықтап, шаралар қабылдау туралы жедел штаб жұмысы ұйымдастырылды. Штабтың құрамына министрлік өкілдерінен басқа, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының, санитарлық-эпидемиялогиялық бақылау департаментінің, білім басқармасының өкілдері кірді. Шымкентке жете салысымен олимпиадаға қатысушы оқушылармен кездесіп, жағдайларын білдік. Командалардың жетекшілерімен кездесіп, әңгімелестік, – деп жазды Шолпан Каринова.

Оның айтуынша, жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша республикалық олимпиадаға барлығы 891 оқушы қатысып, бақ сынап жатыр.

Олимпиада барысында 14 қатысушының дене қызуы көтеріліп, ішек-асқазан сырқаты, сондай-ақ бір оқушының денесі бөртіп, «желшешек» диагнозының белгілері байқалды. Ұйымдастырушылар дер кезінде тиісті шұғыл шаралар қабылдаған. Аталған оқушыларға шұғыл жедел жәрдем көмегі шақырылып, Шымкент қаласының жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Балалардың хал-жағдайымен танысу үшін қала емханасының басшылығымен сөйлесіп отырмын. Қазір балалардың жағдайлары қалыпты, тиісті емдерін қабылдап жатыр. Бұдан бөлек, ұйымдастыру комитеті тарапынан оқушыларға психологиялық көмек көрсетіліп, барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр, – деді вице-министр.

Сондай-ақ Шолпан Каринова балалардың қауіпсіздігі қатаң бақылауға алынып, мектеп оқушылары орналасқан жерлерде тиісті санитарлық шаралар ұйымдастырылғанын жеткізді. Шымкент қаласының санитарлық-эпидемиологиялық қызметі жағдайдың туындау себептерін анықтау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр.

Денсаулық сақтау басқармасымен, санитарлық-эпидемиялогиялық бақылау департаментімен келісе отырып, балалардың тамақтану орны қалалық мектеп-гимназия асханасына ауыстырылды.

Сонымен қатар, штаб отырысында әділқазылар алқасы мүшелерімен бірге ауырған мектеп оқушыларының олимпиадалық қорытындылары мәселесі қарастырылды. Әр бала бойынша әділ, объективті шешім қабылданатын болады. Штаб мүшелерімен олимпиаданың қорытынды кезеңінің салтанатты жабылу рәсімін жұмыс тәртібіне ауыстыру туралы шешім қабылданды, – деді Шолпан Каринова.

Бұған қоса, жоғарыдағы жағдайға байланысты Шымкент қаласында 3-8 сәуір аралығына жоспарланған қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы олимпиаданың өткізу форматын өзгертіп, өңірлерде өткізу туралы шешім шығарылғаны белгілі болды.

Қазір министрліктің барлық құрылымдық бөлімдері мән-жайды анықтау және олимпиаданы одан әрі өткізу бойынша кешенді жұмыстарды жалғастырып жатыр.

Вице-министр олимпиада аяқталғанша Шымкент қаласында болатынын атап өтті.