Ғимараттарын қараусыз қалдырған полиция мен ҰҚК басшыларына қатысты іс қозғалды

Ербол Тұрымбет

Осы деректерге қатысты «қызмет бабындағы әрекетсіздік» бойынша 9 қылмыстық іс қозғалған

коллаж: Halyq Uni

Бүгін Қаңтар оқиғасына қатысты арнайы мәлімдеме жасаған бас прокуратура өкілі Елдос Қилымжанов қызметтік орнын тастап кеткен құқық қорғау органдары басшыларына қатысты мәліметтерді жариялады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

Оның айтуынша, 5-қаңтарда Алматы қаласы, Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстарында 2 полиция департаменті, 3 ҰҚК департаментінің басшылары өз ғимараттарын қаруымен бірге қалдырып кеткен. Олардың барлығы күдікті деп танылған. Осы деректерге қатысты «қызмет бабындағы әрекетсіздік» бойынша 9 қылмыстық іс қозғалған.

1-2-сәуірде Жамбыл облысы полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары және Алматы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің бастығы құрықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Сонымен бірге арнайы прокурорлар ең резонансты деген 10 жағдайды тергеп жатыр. Бұл істер бойынша арнайы прокурорлар 9 лауазымды тұлғаны құрықтады. Оның 8-і ұлттық қауіпсіздік комитетінің, біреуі полиция қызметкері, – дейді Қилымжанов.

Қаңтар оқиғасы: Алматы әкімдігін күзеткен подполковникті өртеп жіберген.

2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері көз жұмып, жарақаттанды. Ғимараттар, көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.