Halyq Uni логотип
×

Бас прокуратура Челахтың арызына жауап берді

Өмір бойына сотталған Владислав Челах жазасын Қостанай облысындағы «Қара бүркіт» мекемесінде өтеп жатыр

 Айгерім Таубай 20.03.2023 | 11:50
Бас прокуратура Челахтың арызына жауап берді
Коллаж Halyq Uni

Бас прокуратура өмір бойына сотталған Владислав Челахтың арызына жауап берді. Бұл туралы жауапты орган Halyq Uni ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Halyq Uni Бас прокурор Берік Асыловтың атына Владислав Челахтың ісі қай сатыда тұрғанын, қылмыстық іс материалдарының қаралған-қаралмағанын нақтылауды сұрап хат жолдады. 

Челахтың өтінішхаты қаралып, арыз иесіне жауап берілді, - делінген Бас прокуратура жолдаған жауапта.

Айта кетейік, Владислав Челах 2012 жылы 15 адамды өлтірді деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылған. Сол уақыттан бері Челах және оның қорғаушысы тарапынан Жоғарғы сотқа сот актісін қайта қарау туралы 8 рет өтініш түскен.

Владислав Челахқа қатысты қылмыстық іс бойынша қорғаушы тарап Жоғарғы сотқа сот актісін қайта қарау туралы 8 өтінішхат жолдаған. Соның ішінде сотталған Владислав Челах 4 рет, оның анасы Светлана Ващенко 3 рет, адвокат Серік Сәрсенов бір рет өтініш берген, - деп хабарлады Жоғарғы сот.

2022 жылдың желтоқсанында Владислав Челахтың өтініші Бас прокуратураға түсті.

Бас прокуратураға өтініш түсті. Қосымша зерделенеді, себебі бұл он жыл бұрынғы оқиға. Қажеттілік болса, одан жауап алынады, - деген еді Бас прокурордың бірінші орынбасары Тимур Тәшімбаев.

«АРҚАНКЕРГЕНДЕГІ» ҚАЙҒЫЛЫ ОҚИҒА

2012 жылдың 28 мамырында қазақ-қытай шекарасында орналасқан «Арқанкерген» шекара бекетінде қайғылы оқиға болды. Мамырдың аяғында «Арқанкергендегі» шекарашылармен байланыс кенет үзілген. Содан кейін ол жерге жасақ жіберілген. 30 мамырда  «Арқанкергенге» жіберілген жасақ шекара бекетінің жанып кеткенін хабарлады.

Бір күннен кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты шекара қызметі өртеніп кеткен ғимараттан 12 адамның сүйегі, ал келесі күні тағы екі шекарашының мүрдесі табылғанын мәлімдеді. Сондай-ақ бір қорықшының мәйіті табылған.

4 маусымда шекара бекетінен 24 шақырымда орналасқан қыстаулардың бірінде шекарашы Владислав Челах ұсталды. Ол кезде қарағандылық жігіт 19 жаста болған.

Ең алғаш ұсталған кезде Челах қылмысын мойындаған, бірақ кейін сотта барлығын жоққа шығарды. Ол өзіне қысым жасалғанын, кінәні мойындауға мәжбүр болғанын, ешкімді өлтірмегенін мәлімдеді.

Бұл іс бойынша сот үкімі 2012 жылы 11 желтоқсанда шықты. Сот Челахты 15 адамды өлтірді деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айырды.

Челах 2013 жылдың наурызынан бастап Қостанай облысы Жітіқара ауданындағы өмір бойына бас бостандығынан айырылған азаматтарға арналған «Қара бүркіт» деп аталатын мекемеде жазасын өтеп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама