Halyq Uni логотип
×

Шетелдегі ауқатты қазақтардың елге келуін жеңілдететін заң қабылданды

«Ата жолы» картасы ұғымы енгізіледі

 Дәурен Ерболат 16.03.2023 | 16:08
Шетелдегі ауқатты қазақтардың елге келуін жеңілдететін заң қабылданды
коллаж: Halyq Uni

Сенаттың жалпы отырысында Әлеуметтік кодекс пен ілеспе заңдар қабылданды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Депутат Ләззат Қалтаеваның пікірінше, Әлеуметтік кодексті әзірлеу – халықаралық стандарттарға сай келетін әлеуметтік қорғау жүйесін құру жөніндегі мемлекеттік саясаттың стратегиялық маңызды шешімдері мен нәтижелерінің бірі.

«Әлеуметтік кодекс әртүрлі заңнамалық актілердің орнына әлеуметтік саясаттың құқықтық негізі болмақ, оның негізгі басымдықтары – халықты жұмыспен қамтуды ынталандыру және азаматтардың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыру. Жүргізілген реформалардың нәтижесінде халықты әлеуметтік қорғаудың көп деңгейлі жүйесі құрылады және әлеуметтік қамсыздандыруға жауапкершілік мемлекет, жұмыс беруші және қызметкер арасында бөлінеді», - деді сенатор.

Заң жобасы мүгедектігі және асыраушысынан айырылуы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адамдарға, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасауды жүзеге асыратын адамдарға берілетін мемлекеттік жәрдемақылардың сомасын өсіруді көздейді.

Сонымен қатар құжатта саяси қуғын-сүргін құрбандарына және саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен, мүгедектігі бар немесе зейнеткер болып саналатын адамдарға, ерекше еңбегі үшін зейнетақы бекітілген адамдарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар сомасын көтеру қарастырылған.

Сенатор заңда қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі және бірінші топтағы мүгедектігі бар сотталғандарға, күтім жасалуы керек сотталған адамдарға мемлекеттік жәрдемақы алу құқығын беру көзделіп отырғанын жеткізді. Жәрдемақы сомасы шамамен 65 мың теңге болады.

Бүгінде бірінші топтағы мүгедектігі бар 54 адам сотталған.

Сондай-ақ жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсететін жеке көмекшілерді міндетті әлеуметтік сақтандырумен қамтамасыз ету ескерілген. Бұл норма бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсететін 30 мыңға жуық жеке көмекшіні міндетті әлеуметтік әрі медициналық сақтандырумен қамтамасыз етеді, - деді Ләззат Қалтаева.

Депутат жаңа Әлеуметтік кодекске қандастардың Қазақстанмен байланысын нығайту және елімізде олардың әлеуетін іске асыру мақсатында бизнес-иммигранттарға немесе этникалық қазақтар (басқа елдердің азаматтары) арасында кәсіптері бар адамдарға берілетін «Ата жолы» картасы ұғымы енгізілгенін атап өтті.

Осы орайда халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органның құзыретіне «Ата жолы» картасын беру тәртібі мен негіздерін бекіту жөніндегі өкілеттіктерді және жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне «Ата жолы» картасын беру немесе беруден бас тарту туралы шешім қабылдауға қатысты толықтыру енгізіліп отыр.

Дауыс беру нәтижесінде Сенат депутаттары Әлеуметтік кодекс пен ілеспе заңдарды қабылдады.

Бұған дейін шетелдегі ауқатты қазақтардың елге келуі жеңілдейтіні хабарланған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама