«Үш нұсқа әзірленді»: мининстр кеншілерді зейнетке ерте шығару туралы
Талқылауға қаржы органдары, сақтандыру нарығындағы компаниялар қатысып жатыр
Ауыр өндірісте жұмыс істеп жүрген қазақстандықтарды зейнетке ерте шығару мәселесі бойынша құрылған жұмыс тобы үш нұсқа әзірледі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Жұмыс тобы бастаған жұмысын аяқтады. Біздің министрлік (зейнетке) ерте шығу мәселесі жөнінде 3 нұсқаны берді. Оған қаржы органдары, сақтандыру нарығындағы компаниялар да қатысып жатыр. Олар ұсыныстарды қарап біткеннен кейін сіздерге таныстырамыз. Жалпы біз мәселені оң шешу үшін өз нұсқаларымызды бердік», - деді Тамара Дүйсенова Сенаттың жалпы отырысынан соң.
Бұған дейін Қазақстанда кеншілер зейнетке ерте шығуы мүмкін екені хабарланған. Одан бөлек, кеншілер үшін зейнетақы жинағының шекті мөлшері төмендетілуі мүмкін екені айтылды.