Тоқаев қазақстандықтарды Рамазан айының басталуымен құттықтады
Ораза ертең, яғни 2 сәуірде басталады
Мемлекет басшысы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлын қабылдады. Кездесуде президент Қазақстан мұсылмандарын қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтады.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының атқарып жатқан жұмыстары және алдағы жоспары туралы баяндалды. Наурызбай қажы Тағанұлының айтуынша, мүфтият осы жылды «Ислам – ынтымақ пен бірлік діні» деп жариялаған. Осыған байланысты елімізде жыл бойына аталған тақырыпта форумдар өткізіледі. Сонымен қатар дін әрі дәстүрді сабақтастырып, жас қыз-келіншектерді имандылыққа баулитын «Әжелер мектебінің» ашылғаны жайлы айтылды, – дейді Ақорда.
Тоқаевқа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ораза айында ұйымдастыратын шаралары туралы мәлімет берілді. Наурызбай қажы алдағы уақытта Түркітілдес елдердің бас мүфтилерінің алқасы құрылатынын жеткізді.
30 күн ораза: Биыл Рамазан айы 2 сәуірде басталады. Рамазан айында елорда мешіттеріне түнгі автобустар қатынайды.