Көршісін баласымен қосып өртеп жіберген Рудный тұрғыны қылмыстық жауапкершіліктен босатылды
44 жастағы ер адам түрмеге емес, ауруханаға жіберілді
2022 жылдың наурыз айында Рудный қаласында 44 жастағы ер адам көршісінің пәтеріне барып, есік алдына баласын көтеріп шыққан 32 жастағы келіншекке керосин шашып, өртеп жіберген. Өрттен 3 жасар бала қатты зардап шекті. Бүлдіршін жансақтау бөліміне жатқызылып, денесінің 40%-тен астамын күйік шалғаны анықталды. Ал анасының қолдары күйген.
Ер адамның мұндай әрекетке баруына көршілер арасындағы жанжал себеп болған.
Арада бір жыл өткен соң сот көршісі мен оның баласын өртеген Рудный тұрғынына қатысты шешім шығарды. Сот 44 жастағы ер адамның ақыл-есі дұрыс еместігін анықтап, оны қылмыстық жауапкершіліктен босату және мәжбүрлеп емдеу туралы қаулы шығарды.
Бұл қылмысты жасаған 1979 жылы туған Рудный қаласында тұратын Екатеринбург (Ресей) қаласының тумасы Геннадий Миллер екені анықталды.
«Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 520, 521-баптарын басшылыққа ала отырып, сот Геннадий Миллерді Қылмыстық кодекстің 24-бабы, 3-бөлігі, 99-бабы 2-бөлігі, 1-тармағы, 24-бабы 3-бөлігі, 99-бабы 3-бөлігінде көзделген заңмен тыйым салынған қылмыстық іс-әрекетті ақыл-есінің кемістігінен жасады деп таныды. Әлеуметтік қауіпті әрекетті жасау кезінде Геннадий Миллердің ақыл-есінің дұрыс болмауына байланысты ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылсын. Оған жіті бақыланатын психиатриялық стационарда емдеу түріндегі медициналық мәжбүрлеу шаралары тағайындалсын», - деп судья үкім шығарды.
Сонымен қатар, қылмыскер сот шешімімен жәбірленуші тарапқа моральдық зиян келтіргені үшін 2,5 млн теңге өтемақы төлеуге міндеттелді.