Екі облыста республикалық маңызы бар автожолдар жабылды

Дастан Жұмабекұлы

4 учаскеде көліктерге уақытша шектеу енгізілді

фото: ашық дереккөз

Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында ауа райының қолайсыздығына байланысты республикалық маңызы бар автожолдар жабылды. Бұл туралы «Қазавтожол» ҰК» АҚ хабарлады

Автожолдардың 4 учаскесінде көліктерге уақытша шектеу енгізілді.

Абай облысында «Алматы-Өскемен» тасжолының Қалбатау ауылынан Шығыс Қазақстан облысының шекарасына дейінгі аралығында және «Өскемен-Семей» тасжолының Шығыс Қазақстан облысының шекарасынан Семей қаласына дейінгі аралығында көліктің жүруіне шектеу қойылды.

Сонымен бірге, Шығыс Қазақстан облысында «Алматы-Өскемен» тасжолының Абай облысы шекарасынан Қасым Қайсенов кентіне дейінгі аралығында және «Өскемен-Семей» тасжолының Герасимовка ауылынан Абай облысының шекарасына дейінгі аралығында көліктердің жүруі шектелді.