×

БҚО-да ауыл мектебін су басып кетті

Жергілікті билік тұрғындарға «мектепті жаппай отырғанымызға рахмет айтыңдар» деген

 Халық үні 31.03.2022 | 09:28
фото: Halyq Uni

Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданына қарасты Шалғын ауылындағы мектепті қырда еріген қар суы басып, оқу ордасының бір бөлігін су басқан. 

Қабырғасы 1988 жылы қаланған мектеп содан бері бір күрделі жөндеу көрмеген. Мектеп әкімшілігі оқушылардың білім алуына барынша жағдай жасап, жыртығын өзі жамап келген.

Ауыл болып жаңа корпусты да өздері жалғап салып алды. Аудан тарапынан ешқандай көмек болмады. Аядай ауылға атқамінерлердің ешқайсының жаны ашымайды, - дейді осы ауылда дүниеге келген Салтанат Сағынғалиева.

Қырдан аққан қызыл су мектептің жалғанған бөлігін түгелдей дерлік жалмап кеткен. Кітаптар мен құжаттарды су басқан.

«Қолында не күрегі, не техникасы жоқ Қоскөл ауылдық округі әкімі мен аудандық білім бөлімінің басшысы тұрғындарды құр сөзбен жұбатқандай кейіп танытып, қайта кетіп қалды. Ауыл азаматтары өз техникасын жұмылдырып, трактормен құм төседі. Мектеп қызметкерлері біресе су шығарып, біресе кітап мен құжат тасып жүгіріп шаршады. Келген атқамінерлер «осы мектепті жаппай отырғанымызға рахмет айтыңдар» деп сөзбен түйреп, қорқытқандай болды», - дейді Салтанат Амангелдіқызы.

Ауыл тұрғынының айтуынша, шағын ауылдан ешкімнің көшіп кетпеуіне басты себеп – балаларының білім алатын мектебі. Егер бұл мектеп қалпына келтірілмейтін болса, тұрғындар ауылдан үдере көшпек.

Шағын мектепте бала саны аз. Мектепті, сол арқылы ауылды сақтау үшін мұғалімдер мен ауыл халқы патронаттық тәрбиеге бала алуды жоспарлар отыр. Қазір құжаттық жұмыстар жүргізілуде, алдағы оқу жылына дейін мәселенің оң шешім табылады деген үмітте.

Кішкентай мектептің шәкірттері білімді екен. Биыл оқу жылының ішінде 17 оқушы түрлі аудандық жарыстардан жеңімпаз атанып, облыстан жүлдемен оралған. Ауыл халқы ұстаздар мен оқушыларға жайлы жағдай жасалуын сұрайды.

Нұрлыбек Рахман, БҚО

Серіктес жаңалықтары

Сараптама