Шенген визасын беру туралы шешім 15 күн ішінде қабылданады
Қазақстандағы Еуропалық одақ өкілдігі Шенген визасын беру тәртібі туралы өзгерістерді түсіндірді. Ресми ақпарат бойынша, Еуропалық одақ Қазақстанды «қара тізімге» енгізген жоқ.
2023 жылдың 1 наурызынан кейін Қазақстан азаматтарына Шенген визасын беру тәртібінде айтарлықтай өзгерістер болмайды, - делінген ресми ақпаратта.
Ереже бойынша Шенген визасын беру туралы шешімді ЕО-ға мүше мемлекеттің тиісті консулдығы 15 күн ішінде қабылдайды. Бұл ереже Қазақстанға да қатысты қолданылады.
Ерекше және жеке жағдайларда өтінішті егжей-тегжейлі тексеру немесе қосымша құжаттарды ұсыну қажет болса, бұл мерзім 45 күнге дейін ұзартылуы мүмкін. Бұл тәжірибе тек ерекше жағдайларда ғана ұлтына қарамастан барлық өтініш берушілерге бұрынан бері қолданылып келеді, - делінген Қазақстандағы Еуропалық одақ өкілдігі таратқан ақпаратта.
Сондай-ақ Қазақстан үшін жақында енгізілген қосымша консультациялар өткізу рәсімі жеті күнге дейін созылуы мүмкін.
Бұл консультациялар стандартты 15 күндік рәсім аясында жүргізіледі. Сондықтан өтініш берушілердің виза алу уақыты айтарлықтай ұзармайды.
Қосымша консультация – бірқатар елге қолданылатын және Виза кодексімен реттелетін стандартты рәсім. Шенген аймағына мүше мемлекеттер бір-бірімен кеңесу үшін жүйелі түрде пайдаланып отыратын Шенген ақпараттық жүйесінде (SIS) «қара тізімдер» жоқ.
Виза алу тәртібі бойынша жалпы ақпаратты Көші-қон және ішкі істер жөніндегі Бас директораттың веб-сайтынан табуға болады.
Сондай-ақ Шенген ақпараттық жүйесі аясында Қазақстан үшін қосымша консультацияларды енгізу әртүрлі бағыт пен өзара мүдделі салада қарқынды дамып келе жатқан ЕО мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасқа ешқандай қатысы жоқ екені айтылды.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Қазақстан Шенген визасын алудың «қара тізіміне» енді деген ақпаратқа түсініктеме берді.