Астана іргесіндегі 20 мың халық тұратын ауылда спорт пен мәдени нысан жоқ
840 орындық екі мектепте 1913 бала оқып жатыр
Жібек жолы ауылында үй шаруашылықтарын есепке алу дәптеріне сәйкес 10 002 адам тұрғын ретінде тіркелген. Ал нақты 20 000 астам адам тұрады. Бұл туралы Halyq Uni редакциясының ресми сауалына жауап берген Целиноград аудандық әкімдігі мәлімдеді.
«Жұмыспен қамту орталығында ресми түрде Жібек жолы ауылының 7 тұрғыны жұмыссыз ретінде тіркелген», – дейді әкімдік.
Жібек жолы ауылында қазіргі таңда 2 мектеп бар. 240 орындық орыс тілінде білім беретін жалпы орта білім беретін мектебінде 648 оқушы оқиды. Ал 600 орындық қазақ тіліндегі мектепте 1265 оқушы оқып жатыр. Яғни, ауыл мектебінің 1 913 оқушысы 840 орындық мектепке сыйысып оқып жатыр.
Әкімдіктің мәліметінше, қазіргі таңда 300 орындық жаңа мектеп салынып жатыр.
Балабақша мен ондағы орын саны туралы ақпаратты әкімдік берген жоқ.
Медицинаға келер болсақ, 20 мың халық тұратын ауылда 148 орындық ауылдық дәрігерлік амбулатория мен жекеменшік «SKDent» стоматологиясы ғана жұмыс істейді.
Ал спорт нысандары мен мәдени нысандар атымен жоқ.
Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы Жібек жолы ауылының жалпы орта білім беретін мектебі» КММ-де тегін 12 үйірме істейді. Олар: «Бокс» үйірмесі, «Тоғызқұмалақ» үйірмесі, «Баскетбол» үйірмесі,«Волейбол (ұл)» үйірмесі, «Футбол» үйірмесі,«Шахмат» үйірмесі, «Би» үйірмесі, «Домбыра» үйірмесі, «Қазақша күрес» үйірмесі, «Үстел теннисі» үйірмесі, «Волейбол (қыз)» үйірмесі, «Еркін күрес» үйірмесі, «Еркін күрес» үйірмесі. Аталған үйірмелерге жалпы 610 оқушы қатысады.
Тағы бір мектепте 5 үйірме және 3 секция жұмыс істейді. Барлық үйірмелер мен секциялар тегін. «Баскетбол», «Волейбол», «Футбол» секцияларына жалпы 140 оқушы қатысады. «Юный спасатель», «Жас сарбаз», «Юные таланты», «Лидер» дебаттық клубына, «Адал ұрпақ» мектеп клубына жалпы 104 оқушы қатысады.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін елорда іргесіндегі Қосшы қаласы мен Қараөткел ауылындағы әлеуметтік нысандардың жетіспеушілігі туралы жазған едік.