×

Ауыр атлет Игорь Сон допинг қолданғаны үшін ұзақ уақытқа жарыстан шеттетілді –  БАҚ

Енді ол Токио Олимпиадасында алған медалінен айрылуы мүмкін

 Дастан Жұмабекұлы 22.02.2023 | 10:33
фото: ашық дереккөз

Ауыр атлетикадан Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Игорь Сон допинг қолданғаны үшін ұзақ мерзімге спорттан шеттетілді.

Сон енді 8 жылға, 2030 жылғы наурыздың соңына дейін жарыстарға қатыса алмайды. Дисквалификация 2022 жылғы наурызда басталды. Сол жылы 2 наурызда жарыстан тыс кезеңде алынған спортшының сынамасы оң нәтиже берген. Оның қанынан анаболикалық стероидтердің бірі болып табылатын метастерон табылған.

Токио Олимпиадасында ол 61 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола, 2019 жылғы әлем чемпионатында күміс медаль алды.

24 жастағы спортшы мансабында екінші рет дисквалификацияға ұшырап отыр. Бұған дейін 2015 жылы ауыр атлет жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатынан кейін бірнеше айға спорттан шеттетілген болатын. Бірақ ол кезде препарат ағзасына тағам арқылы енгенін дәлелдей алды.

Енді ол Токио Олимпиадасында алған медалінен айырылуы тиіс. Егер допингтік ережені қайталап бұзса, жүлдесін қайтарып береді.

Игорь Соннан басқа, былтыр Абылай Әуелханов, Юлия Потасова, Руфина Чалқарова, Алексей Дроздов, Матвей Макрушиндерден алынған сынама да оң нәтиже көрсеткен еді.

Жалпы, 2008 жылдан бері допингпен ұсталған Қазақстан ауыр атлеттерінің саны 50-ден асып кетті.

Заңсыз препараттарды қолданған спортшылармен бірге жаттықтырушылар, жеке дәрігерлер, тіпті спорт функционерлері де жұмыстан шеттетіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама