Кей сарбаздың мойнында 22,5 млн теңгеге дейін кредит бар – Ұлттық ұлан

Дәурен Ерболат

Екі жыл ішінде Ұлттық ұланда төрт суицид дерегі тіркелген

Коллаж: Halyq Uni

Ұлттық ұлан қатарына әскерге шақырылғандардың 22,5 млн теңге кредиті бар, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Былтыр Қорғаныс вице-министрі Дархан Ахмедиев әскердегі суицид дерегін сарбаздардың материалдық жағдайымен байланыстырған. Оның айтуынша, кейбір сарбаздың 9 млн теңгеге дейін кредиті бар. Басшының сөзін негізге алып, ҰҚК Шекара қызметіне, ІІМ Ұлттық ұланға, Қорғаныс министрлігіне сұраухат жібердік.

Алдымен хатқа ҰҚК Шекара қызметі жауап берді.

2022 жылғы әскерге шақырылғандардың жалпы санының 12%-ында банктер мен микроқаржылық ұйымдарда қарыздары болған, – деп жазылған Шекара қызметінің Halyq Uni тілшісіне берген ресми жауабында.

Сондай-ақ олар суицид дерегі құпия ақпарат болып саналатынын атап өтті.

«Сіз сұраған 2020, 2021, 2022 жылғы өз-өзіне қол жұмсау фактілері туралы мәліметтер ведомстволық бұйрықтарға сәйкес, таратуға шектеу қойылған ақпарат болып саналады. Сондықтан бұл мәліметті бере алмаймыз», - делінген жауапта.

Ал Ұлттық ұлан сұрақтарға нақты жауап берді.

«2022 жылы Ұлттық ұланда мерзімдік әскери қызметтегі 3069 сарбаздың кредиті бар. Оның 59-ында 2 млн-22,5 млн теңгеге дейін несиесі (тұрғын үй, көлік және тағы басқа) бар. Азаматтардың әскери қызметке шақыру кезінде несиесі туралы мәліметті тексеру Ұлттық ұланның құзыретіне кермейді. Кредиттің болуы азаматтарды әскери қызметке шақырмауға негіз болып саналмайды. Сондай-ақ әскерге шақырылған сарбаздардың несиесі бар екені әңгімелесу барысында анықталып, есепке алынады», - деп жазылған Ұлттық ұланның жауабында.

Сонымен қатар 2 жылда Ұлттық ұланда төрт суицид дерегі тіркелгені белгілі болды.

2020-2022 жылдары Ұлттық ұланда мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер жасаған 4 суицид дерегі тіркелді: 2020 жылы – 1, 2021 жылы – 2, 2022 жылы – 1. Суицидке бару себебі: тұлғаішілік конфликт, уайым, бейімделу процесінің қиындығы, - деп жазылған сұраухат жауабында.