Halyq Uni логотип
×

Президенттің қандай өкілеттіктері қысқарады

ҰЭМ мемлекет басшысының қандай өкілеттіктері қысқаратынын жариялады

 Ербол Тұрымбет 29.03.2022 | 09:59
Президенттің қандай өкілеттіктері қысқарады
коллаж: Halyq Uni

Ұлттық экономика министрлігі президент өкілеттіктерін қысқартатын шаралар тізбегін дайындады. Онда 3 түрлі шара қарастырылған, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.  

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, мемлекет басшысының биылғы жолдауын іске асыру үшін жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы әзірленді. Жоба 10 бағыт бойынша 36 іс-шараны қамтиды. Олар елдің саяси жүйесі мен әкімшілік-аумақтық құрылымын өзгертуге, дағдарысқа қарсы бірінші кезектегі шараларды қабылдауға бағытталған. Оның ішінде, президент өкілеттіктерін шамадан тыс шоғырландырудан бас тарту мақсатында заңнамаға мынадай түзетулер енгізіледі:

  • Мемлекет басшысының өз өкілеттіктерін атқаруы кезінде саяси партияға мүшелігін тоқтатуын;
  • Президенттің жақын туыстарының мемлекеттік саяси қызметшілер мен квазимемлекеттік сектор кәсіпорындарының басшылары лауазымдарын атқаруына тыйым салуды;
  • Мемлекет басшысының облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімдері актілерінің күшін жою немесе оларды тоқтата тұру жөніндегі құзыретін алып тастауды, сондай-ақ аудан, облыстық маңызы бар қала, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерін лауазымынан босату құқығын жоюды көздейді.

Партиялық құрылымдардың мемлекеттік аппаратпен бірігуіне жол бермеу үшін заңнамаға Орталық сайлау комиссиясының, Есеп комитетінің, Конституциялық кеңестің төрағалары мен мүшелерінің партиядан міндетті түрде шығуы туралы ережелер енгізіледі. Сондай-ақ әкімдер мен олардың орынбасарларына саяси партиялардың филиалдарында қызмет атқаруға тыйым салынады, – деді Қуантыров.

Бұған дейін Қазақстанда өлім жазасы Конституциядан алынып тасталатыны белгілі болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама