Былтыр 5 миллион гектардан астам жер мемлекетке қайтарылды
Amanat партиясы жанындағы мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесі Болат Назарбаевтың еншілес компанияларына тиесілі жердің мемлекетке қайтарылғанын хабарлады. Осы ақпаратқа байланысты Halyq Uni ауыл шаруашылығы министрлігіне ресми сауал жолдады.
Министрліктің хабарлауынша, 2022 жылы мемлекет меншігіне қайтарылған жерлердің жартысы ірі жер пайдаланушыларға тиесілі болған.
Үлкен аумақтағы жер учаскелері көп жағдайда жекелеген заңды тұлғаларға, оның ішінде үлестес тұлғаларға ресімделеді, - деп хабарлады министрлік.
Бұл ірі жер иелерін, соның ішінде Болат Назарбаевқа тиесілі жерлерді анықтауда қиындық тудырады.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы министрлігі жерді тексеріп, заңсыз берілген жерді анықтаса бірден қайтару немесе алып қою бойынша шара қабылдайды.
Айта кетейік, пайдаланылмай жатқан жерді анықтау үшін жер инспекторлары жоспардан тыс тексеру жүргізеді. Сондай-ақ азамат ерікті түрде жерді мемлекетке қайтара алады.
2022 жылдың қорытындысы бойынша 5 миллион гектардан астам пайдаланылмаған және заңнаманы бұзу арқылы берілген ауыл шаруашылығы жерлері мемлекетке қайтарылды.