×

Болат Назарбаев иемденіп алған жерлер мемлекетке қайтарылды

Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жерлердің көлемі – шамамен 10 миллион гектар

 Еркеғали Болатұлы 02.02.2023 | 10:34
фото: bairaq.kz

AMANAT партиясы жанындағы vемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Ерлан Сайыров Болат Назарбаев заңсыз алған деп танылған жерлерді қайтаруға қатысты істің мән-жайын айтты.

Партияның сайты Ерлан Сайыровқа сілтеме жасап, қазір Болат Назарбаевтың еншілес компанияларына тиесілі Маңғыстау облысындағы 239 мың гектар, Жамбыл облысындағы 60 мың гектар жердің мемлекет меншігіне қайтарылғанын хабарлады.

Бұған дейін Бас прокуратурамен бірлесіп, аумағы 244 гектар болатын 59 жер учаскесі анықталған еді. Олардың да меншік иесі Болат Назарбаев болып шыққан.

Мәліметтерді растау үшін Tengrinews.kz тілшісі Ерлан Сайыровтың өзіне хабарласып көрген.

Бізге Алматы облысындағы бір топ адамнан заңсыз әрекеттер туралы арыз түсті. Бас прокуратураға Алматы, Талғар, Астана, Қаскелең және Түркістан облысындағы 244 гектар жер бойынша сауал жолдадық. Қазір Бас прокуратура өкілдері бұл жерлердің көпшілігі заңсыз берілгенін анықтады. Бас прокуратура бұл жерлерді мемлекетке қайтару үшін іс-қимыл жүргізіп жатыр, - деп түсіндірді ол.

Сондай-ақ Ерлан Сайыров ол жерлерді мемлекет меншігіне қайтару туралы дабыл түскеніне 6 ай өткенін айтты.

Еске сала кетсек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында атқарушы органдарға игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жерлерге қатысты шаралар қабылдауды тапсырған болатын.

«Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жерлердің көлемі – шамамен 10 миллион гектар. Үкімет пен әкімдіктер келесі жылдың аяғына дейін бұл жерлерге қатысты нақты шешімдер қабылдауы керек», - деген-ді сонда президент.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама