Қазақстан Сирияға 50 тонна гуманитарлық көмек жібереді
Жүк Ислам ынтымақтастығы ұйымының желісі бойынша жеткізіледі
Қазақстан жер сілкінісінен зардап шеккен Сирияға 50 тонна гуманитарлық көмек жібереді. Бұл туралы премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.
Үкімет үйінде премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен Халықаралық гуманитарлық көмек мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті.
Отырыста жер сілкіністерінен зардап шеккен Сирия Араб Республикасына 50 тонна гуманитарлық көмек жіберу туралы шешім қабылданды, - делінген ақпаратта.
Мемлекеттік материалдық резервтен консервіленген өнімдер, жылы киім-кешектер, қысқы шатырлар, кереуеттер мен төсек-орын жабдықтары бөлінеді.
Жүк Ислам ынтымақтастығы ұйымының желісі бойынша Алеппо қаласына төрт рейспен жеткізіледі.
Айта кетейік, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Сирияға гуманитарлық көмек көрсету туралы тапсырма берді.