Павлодарлық жасөспірім бірнеше рет адам зорлау айыбымен 7,5 жылға сотталды

Дәурен Ерболат

Қылмыстық іс жабық отырыста қаралды

Фото: Zakon.kz

Павлодар облысында бірнеше рет адам зорлады деп күдікке ілінген жасөспірімге сот үкімі шықты, деп хабарлады Pavlodarnews.kz.

Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың мәліметінше, кәмелетке толмаған жәбірленушіге бірнеше рет жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасау дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің 121-бабы 4-бөлігі негізінде жасөспірімнің үстінен іс қозғалды.

Қылмыс аса ауыр санатқа жататындықтан 20 жылға бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Алайда кәмелеттік жасқа толмағандықтан сотталушының бас бостандығынан айыру мерзімі 10 жылдан аспауы керек, – деп жазылған хабарламада.

Соттың үкімімен жасөспірім 7,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол  жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.

Жәбірленушінің пайдасына, яғни сотталушының заңды өкілінен 2 млн теңге өндірілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.