Былтыр Астанаға 232 медицина маманы келді: дәрігер тапшылығы әлі де бар

Бауыржан Мұқанов

2023 жылы 92 жаңа маман жұмысқа кіріспек

Фото: Halyq Uni/Алиакпар Қадырбаев

Таяуда Астана қаласын дамыту жөніндегі кеңесте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада медицина мекемелірінің сапасы мен медицина қызметкерлерінің тапшылығына тоқталған еді. Осы орайда, Halyq Uni қаладағы медицина мамандарының тапшылығы қанша екенін анықтап көрді. 

Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ақпаратына сәйкес 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша басқармаға бағынысты медициналық ұйымдарда 131 маманға тапшылық бар.

«Оның ішінде терапевт дәрігерлер, педиатр, анестезиолог-реаниматологтар, жалпы тәжірибелік дәрігер, акушер-гинекологтар, нейрохирургтар, неонатологтар, сәулелі диагностика, реабилитологтар, офтальмологтар, оториноларингологтар, неврологтар мен нефрологтар, травматологтар, эпидемиологтар, онкологтар және басқа да бейінді мамандар жетіспейді», – деп жауап берді денсаулық басқармасы редакция сауалына.

Кадр тапшылығын жою үшін 2020 – 2023 жылдарға Астана қаласы әкімінің – 243 грант, 2022 – 2025 жылдарға 128 грант бөлінді. 2022 жылы әкімнің грантымен оқыған 151 маман (резидент) жұмысқа орналасты, 2023 жылы қалған 92 маманды қаладағы медициналық ұйымдарға жұмысқа орналастыру жоспарлануда, – делінген жауапта.

Сонымен қатар, 2022 жылы республикалық бюджет есебінен Қазақстан Республикасының медициналық білім беру және ғылыми ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған 232 жас маман қаланың медициналық ұйымдарына бөлінді (оның ішінде интерн – 177, резидент – 40, бакалавр – 7 және магистр – 8).

Айта кетейік, бұған дейін Астана қаласындағы мұғалімдер тапшылығы туралы да жарияланған еді. 

Halyq Uni елордадағы әлеуметтік нысандардағы маман тапшылығына қатысты мақалалар сериясын жалғастырады.