Ақмола облысында ҚЭС құрылысынан 1,3 млрд теңге жымқырған басшылар сотталды

Динара Амантай

Оларға 10 жыл мерзімге дейін белгілі лауазымдарды атқаруға тыйым салынды

Фото: Halyq Uni

Ақмола облысында 1,3 млрд теңге сомасында бюджет қаржысын жымқырғандар сотталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, Қызылсуат ауылында жаңа құрылыс аумағына арналған электрмен жабдықтау қосалқы станциясын салу кезінде 1,3 млрд теңге бюджет қаражатын ұрлау фактісі бойынша Целиноград ауданы ТКШ бөлімінің басшысына және «РемСтройСервис ПВ» мен «MS-Energy» ЖШС басшыларына қатысты айыптау үкімі шыққан.

Істі ҚМА Ақмола облысы бойынша департаменті өңірлік прокуратурамен бірлесіп тергеді. Қылмыстық істің барлық қатысушыларына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сотталған кәсіпкерлер мен ЖШС қызметкері коммерциялық және өзге де ұйымдарда 10 жыл мерзімге материалдық-жауапты лауазымдарды атқара алмайды, ал ТКШ басшысы өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқара алмайды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

ҚМА тұрғындарға сатылатын коммуналдық қызметтердің сапасын жақсарту үшін көрсетілген салалардағы мемлекеттік сатып алуларда жымқыру және өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында талдау жүргізіп жатқанын жеткізді.