6 жылда 900 мыңнан аса сайт бұғатталған
Қазақстанда діни экстремизм мен терроризмді насихаттаушыларға қарсы күрес жүргізіліп жатыр, деп хабарлады Бас прокуратура.
Елімізде соңғы жылдары прокуратура органдарының үйлестіруімен терроризм мен экстремизмнің алғышарттарын анықтау және жолын кесу үшін заңнамалық және ұйымдастырушылық базаны құру әрі жетілдіру бойынша елеулі жұмыс атқарылды.
Бүгінде интернетте радикалды идеялардың таралуы айтарлықтай қауіп төндіреді. Заңға қайшы контенті бар сайттарды тексеру үшін 2017 жылы «Киберқадағалау» жобасы іске қосылды. Нәтижесінде мемлекеттік органдар діни экстремизм мен терроризм белгілері бар 900 мыңнан аса веб-сілтемені бұғаттады.
Мысалы, 2022 жылдың соңында Бас прокуратура халықаралық террористік ұйымға қатысы бар жалған уағызшының Youtube-тегі бейнеконтентінің (шамамен 3 мың жазылушы және 5 мың қаралым бар) веб-сілтемесін бұғаттады.
Бас прокуратураның үйлестіруімен ҰҚК-ның Ақтөбе облысы бойынша департаменті Telegram арқылы қарулы жиһад материалдарын таратқан Б. атты азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғады. Сот үкімімен ол Қылмыстық кодекстің 256-бабы («Терроризмді насихаттау») бойынша 6 жылға бас бостандығынан айырылды, - деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін ШҚО-да жазасын өтеушінің түрмедегілерге терроризмді насихаттағаны хабарлаған еді.