Жеңілдетілген несиемен кімдер көлік ала алмайды
Бір адам 2 жылда бір рет қана өтініш бере алады
Алдын ала мәлімет бойынша, жеңілдетілген автонесие бағдарламасында қайтарымды қаражат негізінде ай сайын 100-ден астам өтінім тіркеуге мүмкіндік болады. Бұл туралы Өнеркәсіпті дамыту қоры басқарма төрағасының орынбасары Ринат Гаппаров мәлімдеді.
Бірақ мынадай жағдайда қабылданбауы мүмкін:
- Бұған дейін бағдарлама аясында автонесие алған болса;
- Банкте қаражат лимиті біткен жағдайда;
- Платформада өзекті өтінімі болса;
- Автоөндірушілерде бір адам бір ғана көлікке өтінім бере алады;
- Бір адам көлік алуға 2 жылда бір рет қана өтінім бере алады
Сондай-ақ, өтінім берушінің төлем қабілеті, яғни соңғы айдағы зейнетақы аударымы, несие тарихы және қарыз жүктемесі коэффиценті қаралады.
Ал жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасының шарттары өзгеріссіз қалады:
- 1 автокөлік құны – 15 000 000 (он бес миллион) теңгеден аспайды;
- қаржыландыру сомасы – 10 000 000 (он миллион) теңгеден артық емес;
- қаржыландыру мерзімі – 7 жылдан аспайды;
- бастапқы жарна – 0%;
- кредит беру валютасы – теңге;
- сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 4%, бұл ретте жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі түпкілікті қарыз алушының автокөлікті сақтандыру және ресімдеу (оның ішінде кепілге қою) бойынша шығындарын ескере отырып, жылдық 7,5%-дан аспауы тиіс;
- түпкілікті қарыз алушылар сақтандыру және отандық өндірістің жеңіл автокөлігін кепілге ресімдеу бойынша шығыстарды төлейді.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін жеңілдетілген автокөлікке онлайн өтінім 6 ақпаннан бастап арнайы сайт арқылы қабылданатыны хабарланған еді.