Ақтөбеде аса ірі көлемдегі есірткі түрлерін сатқан тұрғын ұсталды
Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды
Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті облыстық прокуратурамен бірлесіп, есірткі және психотроптық заттарды аса ірі көлемде сақтау және өткізу фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізіп жатыр.
Қаржылық барлаудың талдамалық материалдары негізінде жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде есірткінің түрлерін, оның ішінде синтетикалық есірткілерді аса ірі көлемде сатумен айналысқан Ақтөбе қаласының тұрғыны анықталды.
Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде ол қылмыс үстінде ұсталып, тұрғылықты жерінде тінту жұмыстары жүргізіліп, одан «Alfa-PVP» синтетикалық есірткі заты, кокаин және каннобиноидты топтың есірткі заттары табылып, тәркіленді. Аталған азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Тергеу жалғасып жатыр. Тергеу мүддесіндегі басқа ақпарат жария етілмейді.
Анықтама үшін қаржылық барлаудың сараптамалық материалдарына сәйкес, жалпы айналымы 4,6 млрд теңгені құрайтын және 27 мыңнан аса сатып алушыға қызмет көрсеткен 22 интернет-дүкен әшкереленді.