«Менікі – 1 млн теңгеге жуық». Жұрт тісін емдету үшін де несие алып жүр

Еркеғали Болатұлы

Жеке меншік орталықтарда бір тісті жұлдырудың өзі 10 мың теңгеден асып жығылады

фото: ашық дереккөз

Қазір бір тісті жұлу құны 10 мың теңгеден асып жығылады. Емдеу, имплант салу құны тіпті аспандап тұр. Бұған тұрғындар наразы, деп хабарлады «Астана» телеарнасы.

Былтыр қызметтің ең көп көлемі Алматы қаласында көрсетілген. Алғашқы үштікке сондай-ақ елорда (7,1 млрд теңге) мен Шығыс Қазақстан облысы (1,3 млрд теңге) енді. Ең аз қызмет Түркістан облысында көрсетілген.

Мемлекеттік емханаларда 18 жасқа дейінгі балаларға, жүкті әйелдерге, мүгедектер, көпбалалы аналар мен зейнеткерлерге тегін стоматологиялық қызмет көрсетіледі. Ақылы қызмет аламын деушілерге де мүмкіндік бар. Онда баға қолжетімді. Жеке меншік орталықтардың бағасына қарағанда шамамен 30 пайыз арзан көрінеді. Мәселен, мемлекеттік емханада тіс жұлдыру құны 5 мыңнан басталса, жеке меншік орталықтарда 10 мың теңгеден асып жығылады.

Бізге күн сайын талон бойынша жүзден аса науқас келеді. Қазір тіс кариесі – ең көп таралған ауру. Одан басқа да түрлі аурулармен келіп жатады. МӘМС шеңберінде тегін көмек көрсетеміз. Стоматологиялық қызметтің бағасы нарыққа байланысты өседі. Дәрінің, қажетті құрал жабдықтардың бағасы да өсіп жатыр, - дейді тіс дәрігері Сәбит Бектұров.

Бүгінде еш амалы қалмаған тұрғындар тіс емдетуге қаражатты несиеге және зейнетақы қорынан алуға көшкен.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан тіс емдетуге анам екеуміз қаражат шешіп алдық. Менікі 1 млн теңгеге жуық, анамдікі 700 мыңға жуық болды. Сол арқылы біз тісімізді емдеттік. Қазір білесіздер, тіс емдету қымбат. Осы сумманың барлығы кетті. Тіс жұлдырдық, имплант салдық, - дейді Алматы қаласының тұрғыны Әйгерім Ниязбекова.