×

Емге өтініш берген қазақстандықтардың 96 пайызы зейнетақы қорындағы ақшасын тіс емдеуге жұмсаған

БЖЗҚ денсаулыққа қатысты мәселелерді шешу үшін арнайы шоттарға 192,4 млрд теңге аударды

 Динара Амантай 10.01.2023 | 11:23
Фото: ernur.kz

Былтыр зейнетақы қорындағы жинақтарын емделу мақсатында алуға өтініш берген қазақстандықтардың 96 пайызы қаржысын тіс емдеуге жұмсаған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қор мамандарының мәліметтеріне сәйкес, 2022 жылдың 1 қаңтары мен 31 желтоқсаны аралығында БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын тұрғын үйге пайдалануға берілген 610 283 өтінішті орындады. Олар бойынша арнайы шоттарға 703 млрд теңге аударылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,5 есе аз. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы да азайды: 2022 жылы ол шамамен 1,2 млн теңгені, ал 2021 жылы – 3,4 млн теңгені құрады.

Сондай-ақ 2022 жылы емделуге берілген 262 117 өтініш орындалды. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 2 есе көп. БЖЗҚ денсаулыққа қатысты мәселелерді шешу үшін қазақстандықтардың арнайы шоттарына 192,4 млрд теңге аударды. Өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есе көп. Емдеуге төленетін орташа сома 2022 жылы 0,7 млн теңгені, 2021 жылы 0,9 млн теңгені құрады.

Көбінесе (өтініштердің 96% астамы) қазақстандықтар өздерінің жинақтарын медициналық мақсаттарда стоматологиялық қызметтерге пайдаланады. Өтініштердің тек 2,8% офтальмологиялық қызметтерді алу мақсатында орындалды.

Бұған қоса 2023 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) 8,7 млрд теңге аударылып, БЖЗҚ 5 920 өтінішті орындалды. Бұл ретте бірегей өтініш берушілердің жалпы саны 3 397 адам. Бұл өз жинақтарының бір бөлігін бірнеше басқарушы компанияға беруге шешім қабылдаған салымшылардың бар екенін білдіреді. Аударымның орташа сомасы 1,5 млн теңге.

2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша нарықта бес ИПБ жұмыс істеуде: «Jusan invest» АҚ, «BCC Invest» АҚ, «Сентрас Секьюритиз» АҚ, «Halyk Global Markets» АҚ, «Halyk Finance» АҚ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама