Абжан көрінеу жалған ақпарат тарату және қорқытып алу бойынша айыпталып отыр
Журналист Махамбет Абжанның ісі бойынша прокурор Альмира Қожахметова судьядан сот процесі барысында аудио, фото-видео түсіруге тыйым салуды сұрады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотындағы алдын ала тыңдау кезінде Махамбет Абжанның қылмыстық кодекстің 274-бабы 2,3 бөлігі (көрінеу жалған ақпарат тарату) және 194-бабының 2-бөлігі 2-тармағы (қорқытып алу) бойынша айыпталғаны айтылды.
Жәбірленуші тараптың өкілі сот процесін жабық түрде өткізуді сұрады. Бұл өтінішті мемлекеттік айыптаушы да қолдады.
«Abzhannews Telegram арнасында 11 мыңнан аса адам тіркелген. Олар сотталушының жақтаушысы болып саналады. Ол жерде жазылған пікірлерге қарасақ, басым бөлігі жәбірленуші тарапқа қарағанда сотталушыны қолдайды. Сондай-ақ жәбірленушілердің белгілі адам екені көпшіліктің назарын аударады. Жәбірленуші тарапқа қатысты негатив ақпарат таратылғандықтан, көпшіліктің арасында оларға қатысты жағымсыз пікір қалыптасты. Сот отырысын ашық өткізу жәбірленушілердің қауіпсіздігіне қауіп төндіреді деп санаймын. Сол себепті жәбірленушінің өкілінің өтінішін қанағаттандырып, сот талқылауының ашық өтуін шектеуді сұраймын», - деді прокурор.
Махамбет Абжанның адвокаты Гүлнар Сүлейменова прокурордың өтінішіне қарсылық білдірді.
Сондай-ақ Telegram арнасында 11 мыңнан аса тіркелушінің барлығы Абжанды қолдайтынын қалай білгенін нақтылауды сұрады.
Адвокат ашық сот отырысы сот процесінің заңдылығы мен әділдігіне қоғамдық бақылау жасаудың бір түрі екенін айтып өтті.
«Мемлекеттік айыптаушы ашық сот процесі жәбірленушінің қауіпсіздігіне қауіп төндіретінін айтты. Жәбірленушілерден қауіпсіздігіне қатысты арыз түспеген. Тергеу изоляторында отырған Абжан қандай қауіп төндіруі мүмкін? Физикалық немесе психологиялық қысым жасай ма? Өте күмәнді мәлімдеме», - деді адвокат. Сондай-ақ соттан мемлекеттік айыптаушының өтінішін қанағаттандырмауды сұрады.
Сондай-ақ прокурор Альмира Қожахметова сот процесіне қатысушыларға, оның ішінде БАҚ өкілдеріне аудио, фото-видео түсіруге тыйым салуды сұрады.
Жәбірленуші тараптың өкілі прокурордың бұл өтінішін қолдады. Ал Махамбет Абжанның адвокаты қарсылық білдірді.
Айта кетейік, Астанада кәсіпкерді бопсалады деп айыпталған журналист Махамбет Абжанның ісіне қатысты алдын ала сот тыңдауы өтіп жатыр.
2022 жылдың шілдесінде Махамбет Абжанның екі айға қамауға алынғаны хабарланды. Оны сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлері ұстады.