×

СҚО-да мұғалімдер жалған дипломмен жиі ұсталады

Олардың 552 мың теңге айыппұл төлеуі немесе қамауға алынуы мүмкін

 Дәурен Ерболат 05.01.2023 | 17:03
Фото: Sputnik /Болат Шайхинов

2022 жылы Солтүстік Қазақстан облысында жалған дипломды пайдаланудың 80 дерегі анықталған, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, өңірде ай сайын жалған дипломды пайдаланудың орта есеппен 6 дерегі тіркеледі. Былтыр жоғары білім туралы жалған құжат пайдалану фактілерін тіркеудің жиілеуіне байланысты осы санаттағы қылмыстық істерге талдау жүргізілген.

2022 жылғы 21 қазан мен 8 қарашасында Мүсірепов ауданының полиция бөлімі ауданның орта мектептеріне мұғалімдер жұмысқа орналасу кезінде Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің жалған дипломдарын пайдалану фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады. «Мұғалімдер» кадр бөліміне «әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану», «орыс тілі мен әдебиеті» мамандықтары бойынша диплом ұсынған. Алайда тергеу барысында олардың аталған университеттерде оқымағаны анықталды. Жалпы, өткен жылы осындай 80 дерек тіркелді, - деді СҚО прокурорының орынбасары Мұрат Қожамқұлов.

Оның айтуынша, істердің басым бөлігі қылмыстық жауапкершілікке тарту мерзімінің өтуіне байланысты тоқтатылған. Алайда мұндай әрекетке барғандар қылмыс жасады деп саналады.

«Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 17-тармақшасына сәйкес, жалған диплом ұсынған мектеп мұғалімдері, балабақша қызметкерлері жұмыстан шығарылды. Іс материалдарын зерделеу негізінен Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің педагогика және бастауышта оқытудың әдістемесі, орыс тілінде оқытпайтын мектептерде орыс тілі мен әдебиеті, туризм, мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу, физика және математика, химия және биология, еңбек технологиясы және кәсіпкерлік, кәсіптік оқыту, дене шынықтыру және спорт, музыка педагогы, орыс тілі мен әдебиеті, информатика және тағы басқа мамандықтары бойынша, сондай-ақ Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің педагогика және психология мамандығы мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің дене шынықтыру және спорт, Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің орыс тілі мен әдебиеті және басқа мамандықтар бойынша жалған құжат ұсынылатынын көрсетті», - деді Мұрат Қожамқұлов.

Облыстық прокуратура дипломдарды тікелей қолдан жасаған адамдарды анықтау қиын болғанымен оларды пайдаланғандарды анықтау қиындық тудырмайтынын жеткізді. Сондай-ақ жалған құжатты пайдаланғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертті. Мұндай әрекетке барғандар 160 АЕК (552 мың теңге, 1 АЕК – 3 450 теңге) мөлшерінде айыппұл төлеу немесе сол мөлшердегі түзеу жұмыстары, не 160 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 40 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама