×

Тоқаев қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болған азаматтардың рухына құран бағыштады

Президент елордадағы Әзірет Сұлтан мешітіне барды

 Халық үні 05.01.2023 | 12:13
Фото: Akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы Әзірет Сұлтан мешітіне барды, деп хабарлады Ақорда.

Президент 2022 жылы қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болған азаматтардың рухына құран бағыштады.

Айта кетейік, 2022 жылдың қаңтарында еліміздің бірқатар өңірінде тәртіпсіздіктер болды.

Азаматтар алдымен Маңғыстау облысында жиналды. Автогаздың бір литрі 120 теңге дейін қымбаттаған соң азаматтар наразылық білдірді. Содан кейін наразылыққа Ақтау, Құрық, Ақшұқыр және тағы басқа аудандардың тұрғындары қосылды.

Артынан Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Атырау, Қарағанды, Шымкент, Көкшетау, Орал және тағы басқа қалаларда адамдар жиналып, Жаңаөзенді қолдауға арналған видеолар жолдай бастады. Тоқаев үкіметке газ бағасына қатысты мәселені шұғыл шешуді тапсырды. Үкімет комиссиясы Маңғыстау облысындағы сұйытылған газдың бағасы 50 теңгеге төмендейтінін мәлімдеді.

Алайда Жаңаөзенде жиналған халық тарамады. Газ бағасынан кейін басқа саяси талаптар қойыла бастады. Артынан еліміздің басқа өңірінде азаматтар жинала бастады, соңы тәртіпсіздікке ұласты.

Алдымен Алматыда, кейіннен республика бойынша байланыс үзілді. Алматыда мемлекеттік нысандар отқа оранды. Әуежайды басып алды. Дүкендер мен банктер тоналды.

5 қаңтарда түнде Алматы қаласында және Маңғыстау облысында төтенше жағдай енгізілді. 6 қаңтарда төтенше жағдай режимі республика бойынша қолданылды. Лаңкестікке қарсы операция басталды.

Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына үндеу жолдап, бітімгерлік әскерді кіргізуді сұрады. Елімізге 2 мыңнан астам бітімгер жіберілді. Олар келген бойда стратегиялық маңызы бар нысандарды күзетуге кірісті. Ал қазақстандық әскерилер мен полицейлер тәртіп орнатуға күш салды. 7 қаңтарда Тоқаев халыққа тағы үндеу жолдап, бірнеше қалада тәртіп орнатылғанын жеткізді.

Бас прокуратураның хабарлауынша, Қаңтар оқиғасы кезінде ел бойынша 238 адам қаза тапты. 

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама