×

Сот Қайрат Боранбаевты үйқамаққа жібермеді

Астанада басты сот талқылауы өтіп жатыр

 Айгерім Таубай 30.12.2022 | 15:20
Фото: ашық дереккөз

Кәсіпкер Қайрат Боранбаевқа қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Астана қаласы Сарыарқа ауданы №2 аудандық сотының судьясы Назгүл Бапақова Қайрат Боранбаевқа қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтінішті қанағаттандырмады.

Бұған дейін адвокат Данияр Қанафин Боранбаевқа қатысты бұлтартпау шарасын өзгертуді сұрады. Ол Боранбаевтың денсаулық жағдайына байланысты осындай шешім қабылдауын сұрап, кәсіпкердің залалды толық өтегенін алған тартты. Сондай-ақ кәмелеткен толмаған екі баласының және мүгедектігі бар қызы, қарт анасы бар екенін ескеруді сұрады.

Айта кетейік, 2022 жылдың 30 желтоқсанында Астанада Қайрат Боранбаевқа қатысты басты сот талқылауы басталды.

2022 жылдың наурызында квазимемлекеттік секторда аса ірі көлемде қаржы жымқыру дерегі бойынша қылмыстық іс бойынша Қайрат Боранбаев қамауға алынды.

Ол аса ірі көлемде мемлекет қаржысын жымқырды деген күдікке ілінген.

2022 жылдың желтоқсанында Қаржы мониторингі агенттігі «АзияГазЧунджа» ЖШС құрылтайшылары Қайрат Боранбаев пен Роман Нахановқа және «Qazaq Gaz» АҚ басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Таир Жанұзаққа сұйытылған мұнай газын сатып алу кезінде 14,5 млрд теңге ұрлау және қылмыстық кірістерді заңдастыру фактілері бойынша қылмыстық істі тергеуді аяқтады.

Қаржы мониторингі агенттігінің хабарлауынша, ұрланған 14,5 млрд теңге көлеміндегі қаражат кейіннен заңды кәсіпкерлік қызметтен дивиденд ретінде бөлу және төлеу желеуімен заңдастырылған.

Осылайша, күдіктілер жасалған заңсыз операциялардың шын мәнін жасырған. Тергеу барысында келтірілген шығын толық көлемде өтелді. Сонымен қатар 38 миллиард теңге қолма-қол ақша мен 4,2 миллиард теңгенің жылжымайтын мүліктері тәркіленді.

Қайрат Боранбаев – Дариға Назарбаеваның құдасы. Боранбаевтың қызы Әлима 2013 жылы Айсұлтан Назарбаевқа тұрмысқа шықты. Айсұлтан 2020 жылы тамызда Лондонда қайтыс болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама