Halyq Uni логотип
×

«9 жыл бұрынғы оқиға»: аққуды өлтірген ер адам анықталды (ВИДЕО)

Полиция департаменті жедел түрде тексеру жұмыстарын жүргізген

 Халық үні 23.12.2022 | 07:53
«9 жыл бұрынғы оқиға»: аққуды өлтірген ер адам анықталды (ВИДЕО)
фото: видеодан скриншот

Балық аулау кезінде аққуды өлтірген тұрғын анықталды. Оқиға 2013 жылы болған, деп хабарлады ІІМ-нің Telegram-дағы POLISIA.KZ ресми жаңалықтар арнасы.

Ведомствоның мәліметінше, бұл жайт туралы осы күнге дейін полицияға ешбір хабарлама түспеген, яғни дерек тіркелмеген. Биыл 22 желтоқсанда әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбадан кейін Қызылорда облысының полиция департаменті жедел түрде тексеру жұмыстарын жүргізген.

Аталған дерек Қызылорда облысы Сырдария ауданындағы полиция бөлімінің «Ақпаратты есепке алу кітабына» тіркелген. Нәтижесінде аққуды аулаған ер адам анықталып, полиция бөліміне жеткізілген. Ол Қызылорда облысының 26 жастағы тұрғыны болып шықты. Тексеріс кезінде аталған оқиғаның 2013 жылы балық аулау кезінде күріш арнасының жағасында болғаны, сол жерде бейнежазбаға түсірілгендігі анықталған.

Тексеру қорытындысына қарай оның іс-әрекетіне құқықтық баға беріліп, түпкілікті шешім шығарылады, - деп хабарлады құзырлы орган.

Еске сала кетсек, бұған дейін әлеуметтік желіде өзеннен аққуды айырмен шаншып ұстап алған ер адамның видеосы тараған еді. Онда кадр сыртындағы ер адам өздерінің «үйрек ұстап алғандарын» айтады. Алайда желі қолданушылары ер адамның қолындағы құс аққу екенін, бұл жайттың Қызылорда облысында болғанын жазды. Кейін бейнежазбаға қатысты пікір білдірген Қызылорда облысының полиция департаменті тексеріс жұмыстарының жүріп жатқанын мәлімдеген болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама