Halyq Uni логотип
×

Super Star KZ байқауының номинанты елордадағы панасыздарға арналған орталықта тұрып жатыр

Владислав Паленис байқаудың екінші кезеңінде Мөлдір Әуелбекова, Қайрат Түнтековтермен бірге ән салған

 Айнұр Шошаева 11.03.2022 | 10:36

2004-2007 жылдары қазақстандық көрермендердің ықыласына бөленген Super Star KZ байқауының екінші кезеңінде үздік 50 қатысушының тізіміне еніп, номинант атанған Владислав Паленис елордадағы «Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды әлеуметке қосу орталығында» тұрып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Владислав Паленис Ақмола облысындағы Аққөл ауданының балалар үйінде өскен. Super Star KZ жобасына дейін «Бозторғай», «Таңшолпан» сияқты республикалық және халықаралық конкурстарға қатысқан.

«Жетімдер үйінен шыққан соң опера әншісі және музыка мұғалімі мамандығы бойынша Көкшетаудағы Біржан сал атындағы музыкалық колледжде оқыдым. Сонда екінші курста оқып жүргенде астанаға анамды іздеп келдім. 18 жасымда даяшы болып жұмыс істеп жүріп, байқау туралы естідім. Қарызға 100 доллар алып Алматыға бардым. Super Star KZ жобасының екінші кезеңіне Мөлдір Әуелбекова, Қайрат Түнтековтермен бірге қатысып, қазақша, орысша, ағылшынша ән айттым. Дауыс беру кезінде аз дауыс алып, финалға өте алмай қалдым», - дейді ол.

ЕСКЕРТУ, жақында «Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды әлеуметке қосу орталығында» тұрып жатқан әйелдерге арналған мерекелік кеш өтті. Концертте өнер көрсеткендер – сол орталық қызметіне жүгінушілер. Олардың қатарында Владислав Паленис те бар, ол төмендегі видеоның 1:50 минутында Валерий Меладзе орындайтын «Салют, Вера!» әнін шырқап тұр.

Владислав Паленис байқауға қатысып жүрген кезде кекештеніп, дұрыс сөйлей алмаған. Ол мүдірмей сөйлеуді тек 26 жасында үйреніпті.

«Байқаудан кейін өмірім өзгерді. Өзім әнші-диджеймін. 19 жыл жыл бойы астанада көптеген клубтарда кәсіби диджей болып жұмыс істедім. Арасында қаладағы дәмханаларда, тойларға шығып ән айтып ақша таптым. Қазір кез келген кәсіби (дилжей) аппаратурада ойнай аламын», - деп қосты ол.

Владислав Паленис анасын елордаға келгеннен кейін 11 жыл өткен соң тапқан. Алайда, ол анасын тірі күйінде көре алмаған.

Бірде Конгресс-холл алдында концерт болып жатты. Сахнада ән айтып болған соң әлдебіреулер қоңырау шалып, «мәйітханада жатқан анамды тануды» сұрады. Тым кешіккенімді сонда түсіндім, - дейді ол.

Владислав Паленис елордадағы панасыз жандарға арналған орталыққа қалай тап болғанын түсіндірді. Ол әйелімен ажырасқан, бір айдан бері орталықта тұрып жатыр.

«Байқаудан кейін астанада баспана кезегіне тұрып, он жылдан соң пәтерімді алдым. Жақында мен ол үйді саттым. Әйеліммен ажырасқан соң балаларыма алимент төлеуім керек болды. Қарызым көбейіп кеткен соң жалғыз баспанамды сатуға тура келді. Қалған ақшаға ұлым мен қызыма Алматыдан үй алып бердім. Сөйтіп мен далада қалдым. Бір жақсы танысым осы орталық туралы айтты. Бір айдан бері осында тұрып жатырмын. Туыстарым бар, бірақ олар мені балалар үйіне бірде-бір рет іздеп келіп, көмектескен емес. Алайда мен аяққа тұрып, үй алғанда араласа бастады. Қазір пәтерім, жұмысым жоқ, сондықтан көп араласпаймыз», - деп толықтырды ол. 

Еске сала кетейік, Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды әлеуметке қосу орталығы белгілі тұрғылықты жері жоқ адамдарға әлеуметтік, медициналық және өзге де көмектерді көрсетеді. Белгілі тұрағы жоқ, құжатсыз жүрген азаматтар аталған орталықта уақытша тұрып, тиісті әлеуметтік қызметтерді ала алады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама