×

«Мұндай сыйлық алып көрмедім». Елордадағы панасыз әйелдер мерекені қалай атап өтті

Орталыққа жүгінетін жастардың да қарасы көбейген

 Айнұр Шошаева 09.03.2022 | 13:39

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында әр мекемеде қыз-келіншектерге сыйлық беріліп, құрмет көрсетіліп жатады. Осы ретте Halyq Uni тілшісі елордадағы «Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды әлеуметке қосу орталығында» тұрып жатқан әйелдердің мерекені қалай қарсы алып жатқанын көріп қайтты. Орталықта алаяқтарға жем болып жалғыз үйінен айырылған, мүгедектер мен ішкілікке салынған әйелдер тұрып жатыр.

Бұл орталық қиын жағдайға тап болған, тұрғылықты жері жоқ азаматтар уақытша паналайтын мекеме. Мұнда уақытша тұратын азаматтарды қызмет алушы деп атайды. Бүгінде орталықта 130-ға жуық қызмет алушы бар, оның 16-сы әйел. Мекеме басшылығы мереке қарсаңында оларға арнап мерекелік концерт ұйымдастырып, демеушілердің көмегімен арнайы сыйлық әзірледі. Мерекелік көңіл-күйді көтеру үшін шаштараз бен бет әрлеушілерді арнайы шақырды. Әйелдер әп-сәтте өзгеріп шыға келді. Айта кетейік, концертте өнер көрсеткендер де сол орталықтағы қызмет алушылар. Олардың қатарында музыка пәнінен сабақ берген педагог, SuperStar KZ жобасының екінші кезеңіне қатысып, байқаудың номинанты атанған музыкант та бар. Қазір олар бір кездегідей танымал жұлдыз емес, қатардағы үйсіздердің санатында.

«МҰНДАЙ СЫЙЛЫҚ АЛҒАН ЕМЕСПІН» 

Татьяна Диатловская есімді әйелдің орталықта тұрып жатқанына бір жыл толған. Ол 27 жылдан бері астанада тұрады екен.

«Басыбайлы баспанам болған емес, пәтер жалдап тұрдым. Нақты мамандығым болмаған соң әр жерде тігінші, кір жуушы болып жұмыс істедім. Тұрмысқа шығып қызымды тудым, бірақ кейін күйеуіммен ажырасып кеттік. Бір жыл бұрын екі аяғыма операция жасады. Сол аурухана жатқанда осы орталық туралы естідім. Дәрігердің өзі осында орналасуыма көмектесті», - деді ол.

Мұндағы қызмет алушылар тек бір жылға дейін тұра алады. Орталық мамандары Татьянаның құжаттарын жасатып берді. Енді бір айдың көлемінде мүгедектер үйіне орналастыруды жоспарлап отыр.

«Мені мүгедектер үйіне орналастыруға көмектесеміз деп отыр. Жасым 40-тан енді асқанда мүгедектер үйіне баруға ерте шығар. Бірақ басқа баратын жерім жоқ. Орталықтан шыққан соң аяғыма протез салдырғым келеді. Жұмыс істеп, аяққа тұрып қызымды қолыма алып, ел қатарлы өмір сүрсем деймін», - деп қосты.

Татьянаның 12 жастағы қызы бар. Қазір ол әжесімен бірге Қостанайда тұрады. Анасы қызымен күнде телефон арқылы сөйлесіп тұрады екен. Ол да тезірек оралуын күтіп жүр екен.

Қиындыққа тап болғандарға арналған орталықта осындай мереке болады деп ойламаппын. Гүл мен сыйлық берді. Бұрын мұндай сыйлық алып көрген емеспін, - деп ағынан жарылды Татьяна.

Орталық қызметіне бірнеше рет жүгінген жандар да бар. Мәселен, Әсем Өсерова орталыққа алғаш рет 10 жыл бұрын келген.

«Осында өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің арқасында жұмыс таптым. Денсаулығыма байланысты жұмыс істей алмай қалдым. Ал жұмыс болмаған соң далада қалдым. Амал жоқ осында келдім. Үш мезгіл тамағымызды береді. Бұл жер болмағанда тағдыр тауқыметіне түскен адамдар қайда барар еді? Заңгерлерді шақырып, құжаттарымызды дайындап берді. Құжат болмаған соң емханаға тіркелей алмай жүрдім. Енді ел қатарлы емханаға тіркеліп, емделетін болдым», - дейді Әсем.

Әсемнің қалада жақын туыстары тұрады екен. Бірақ, олармен араласпайды, арадағы байланыс үзілген.

«Екі рет тұрмыста болдым. Бала көтере алмаған соң ажырасып кеттік. Алыс-жақын туысқандар бар. Бірақ олармен тек телефон арқылы сөйлесіп, амандық біліп тұрамыз. Жаңа алған сыйлықтарымды айтып мақтанып жатырмын. Әйелдер мерекесінде бізді елеп жатыр. Мерекенің арқасында өзімізді әдемі сезініп, көңіліміз көтеріліп қалды. Әсіресе, сыйлаған гүлдері ұнады. Осы жерден шыққанда өзіммен ала кетем, естелік болады», - деп қосты ол.

Әсем орталықтан шыққан соң жұмысқа тұруды жоспарлап отыр. Ол базарлардың біріндегі дәмханада алты жыл ыдыс жуушы болған. «Астана көгалдандыру» мекемесінде көше сыпырушы болып істеген.

Білесіз бе, астанада жұмыс істеймін деген адамға жұмыс табылады. Тек ол үшін денсаулық керек. Бұл жерден шыққан соң жұмысқа орналасып, пәтер жалдаймын деген жоспарым бар, - деп түйіндеді сөзін.

«ҚЫРЫҚ ЖАСЫМА ДЕЙІН ҚҰЖАТСЫЗ ЖҮРДІМ»

Бұл орталыққа келушілердің көбінің құжаты жоқ. Жақында орталық мамандары 44 жасқа дейін құжатсыз жүрген елордалық Раушан Темірбаеваның туу туралы куәлігін жасап берген.

«Қазір жасым 44-те. Сенесіз бе, осында келгенге дейін менде туу туралы куәлік болған жоқ. Осында келіп алдым. Бұл өмірде жоқ адам сияқты ешбір құжатсыз жүрдім. Жақында жеке куәлік алуға құжат тапсырдым. Менің үш балам бар, олардың да туу туралы куәлігі жоқ. Менде құжат болмаған соң оларда қайдан болсын? Қазір балаларым күйеуіммен тұрады», - деді Темірбаева.

Раушан мұндай мерекелік кешті алғаш рет көріп отырғанын жасырмады.

«Бүгін бізге өмірімде алмаған сыйлық берді. Билеп, шаттанып қалдық. Сенесіз бе, мен бұған дейін концерт көрген емеспін. Ес білгелі тек еден жуу, сатушы, көлік жуу, аула сыпырушы болып істеп келемін. Қолымнан басқа ештеңе келмейді. Өйткені білімім жоқ. Ел қатарлы зейнетке шығу үшін мемлекеттің жұмысына тұру керек. Үнемі жекеменшік секторға жұмыс істеген соң мардымды ақша төлемейді. Қиялдаймын. Өзімді қанша ұстаймын, шыдаймын десем де, ішіп қоямын. Ішкіліктің кесірінен осындай күнге жеттім», - деп ағынан жарылды ол.

«ЖАЛҒЫЗ ҮЙІМДІ АЛАЯҚТЫҢ АТЫНА ЖАЗЫП БЕРДІМ»

Мекемеде тұрып жатқандардың арасында алаяқтардың құрбаны болып, басындағы жалғыз баспанасынан айырылған зейнет жасындағы елордалық ерлі-зайыпты да бар. Лесозвод ауданында жер үйде тұрып келген отбасының жалғыз баспанасы су астында қалып, қабырғалары құлай бастаған.

«Өзіміз қайта саламыз деп жүргенде күйеуім инсульт алды. Бірде дүкенде Наталья деген әйелмен таныстым. Әңгімелесе келе, ол «сіздің үйіңізді салып берейін» деген ұсыныс айтты. Өзі тұрып жатқан үйінің жанынан бөлме жалдап берді. Сөзіне сеніп үйімді соның атына аударып бердім. Келісім бойынша ол бізге және өзіне жаңа үй салуы керек еді», - деді Раиса Ваукоч.

Ерлі-зайыптылардың жақын туыстары ертеректе тарихи отаны Беларуське көшіп кеткен. Қазақстанда басқа ешкімі жоқ екен.

«Күйеуім екеуіміз вокзалда жылап ұзақ отырдық. Баратын жеріміз жоқ, қалтамызда ақша жоқ. Ары-бері өткен адамдардың бірі осы орталық туралы айтты. Осында келдік, сәуір айында бір жыл болады. Бұрын осындай орталықтың барын білмедім. Жасым алпысқа келгенде далада қаламын деп ойламадым. Күйеуімнің Қарағанды облысында тұратын жалғыз тәтесі бар еді. Ол да қайтыс болды», - деп қосты ол.

Заңгерлер үйді өз еркімен бергендігін алға тартып, сотқа шағымдануға негіз жоғын айтқан.

«Қазір ол әйел менің үйімнің орнына жаңа үй салып алып, сонда тұрып жатыр. Заңгермен кеңестім, мен үйді өз еркіммен жазып бергендіктен оны сотқа бере алмайды екенмін. Жарайды, тұра берсін. Алла бәрін көріп тұр. Орталықтың мамандары құжаттарымды реттеп, зейнеткерлікті рәсімдеуге көмектесіп жатыр», - деді Ваукоч.

Оның күйеуі де орталықта тұрады. Қазір мамандар оларға зейнетақы тағайындауға құжат әзірлеп жатыр. Әрі қарай қарттар үйіне орналастырылады.

ОРТАЛЫҚҚА ЖҮГІНЕТІНДЕРДІҢ ҚАТАРЫ ЖАСАРЫП БАРАДЫ ЕКЕН

Орталық мамандарының айтуынша, пана сұрап келушілердің 70 пайызға жуығы - елордалықтар. Соңғы жылдары мекеме көмегіне жүгінетін жастардың да қарасы көбейген.

«Осы орталықта істеп жатқаныма 7 жыл болды, бұрын тек далада қалғандар келетін. Соңғы 2-3 жылда отбасы, үй-жайы бар адамдар көбейіп кетті. Оның ішінде тепсе темір үзетін жастар, балалар үйінің түлектері көп. Жетімдер үйінен кеткен соң баспана алғаны реттеліп, ала алмағаны ішімдікке салынып кетеді. Барар жері қалмаған соң бізге келеді. Мысалы, осындағы 100 адамның 30-ы жастар. Олармен психологтар, әлеуметтік қызметкерлер жұмыс істейді», - дейді орталықтың психологы Сәуле Әбсадықова.

Бұған қоса, орталықтың түнгі бөліміне келушілер қатары да артқан.

«Бізде түнгі бөлім бар. Соған жастар көп түсе бастады. Әйелі үйінен қуып шыққан, құмар ойын ойнайтындар көп. Жауапкершілікті мойнына алғысы келмейтін, қаңғыбастық өмір салтына дағдыланған адамдар да бар. Оларға еш жауапкершіліксіз өмір сүрген ұнайды. Мысалы, жақында 20 жастағы бір қыз келді. Айтуынша, ата-анасымен ұрсысып үйінен кетіп қалған. Анықтай келе оның әкесі белгілі спорт түрінен ұлттық құраманың жаттықтырушысы екенін білдік. Бақуатты отбасында өскен, тек құмар ойынға әуестеніп үйінен ақша ұрлай бастаған. Ата-анасымен сөйлесіп отбасына қайтардық. Жастардың жауапсыз өмір салтына әлден дағдылануы алаңдатады», - деді Сауле.

Психологтың дерегінше, орталыққа жүгінетіндердің дені құжатсыз жүретіндер.

«Бізге келетіндердің көбінде құжат болмайды. 1974 жылғы үлгідегі қызыл паспортпен жүргендер бар. Жыл сайын азая ма десек, қайта көбейіп жатыр. Олар қайдан келеді? Көбінесе басқа қалаларда немесе ауылдағы фермаларда жұмыс істейді. Құжатын уақытылы жасатпай, зейнет жасына келгенде қимылдай бастайды. Құжаттарын жасатып, жұмыссыз ретінде тіркеймыз, ал мүгедектер мен қарттардың құжаттарын реттеп тиісті орталықтарға орналастырамыз», - деді ол.

Панасыз қалған адамдамдардың арасында орталыққа келіп теңін тапқандары да бар. Бір кездері көшеде түнеп жүрген ер адам орталыққа келген соң ішуін қойып, өзі сияқты орталыққа келген бір әйелге үйленген. Қазір баспаналы болып, бақытты өмір сүріп жатыр екен.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама