Қазақстанда өлім-жітім азайды

Халық үні

Қаңтар-қыркүйек арасында 101,7 мың адам қайтыс болды

Фото: Варвара Гертье

Қазақстанда 2022 жылы тоғыз айда 101 700 адам қайтыс болды. Ranking.kz сарапшыларының хабарлауынша, бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 26,1%-ға төмен.

2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айы арасында 137 600 адам қайтыс болған.

Өңір бойынша алсақ, Алматыда 9,3 мың адам, Қарағанды облысында 8,8 мың адам және Түркістан облысында 7,4 мың адам қайтыс болған. Бұл өңірлер азаматтар көп қайтыс болған үш аймақ тізіміне кіреді. Ең төмен көрсеткіш – жаңадан құрылған Ұлытау облысында. Облыста тоғыз айда 1,5 мың адам қайтыс болған.

Биыл еліміздің барлық өңірінде өлім-жітім айтарлықтай төмендегені байқалады, - дейді сарапшылар.

Қазақстанда адамдар көп жағдайда қан айналымы жүйесінің ауруларынан қайтыс болады. Биыл 9 айда ауруына байланысты 22,7 мың адам қайтыс болған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 30,2%-ға төмен.

Сондай-ақ өлім-жітімге себеп болған ауру түрінің арасында тыныс алу органдары ауруы, жазатайым оқиға, улану және жарақат алу да бар.