Зорлық-зомбылық қайталанған жағдайда тараптар сотта татуласа алмайды
Биыл қыркүйекте премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өткен болатын. Сонда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын күшейту және қауіпсіздікті қамтамасыз етудің сервистік моделін енгізу мәселелері қаралған-ды.
Сонымен, отбасындағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік қатаңдатылатын болды. Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов мәлімдеді. Оның айтуынша, енді тұрмыстық саладағы зорлық-зомбылықты арызсыз анықтау енгізілмек.
Бұл полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау фактісі бойынша жәбірленушінің өтінішінсіз әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, зорлық-зомбылық қайталанған жағдайда тараптар сотта татуласа алмайды, - деді министр Үкімет кулуарында.
Бұдан бөлек, кінәлі адамды әкімшілік қамауға алудың нақты мерзімдері бекітіледі. Қазір ол 10 тәулікке дейін ғана болса, енді 10, 15, 20 тәулікке қамауға алу шарасы көзделген. Ал қайталанған құқықбұзушылықтар үшін әкімшілік қамауға алу мерзімі 20-дан 25 тәулікке дейін ұзартылады.
Министрдің айтуынша, осы түзетулер мүдделі мемлекеттік органдармен келісілген. Қазір олар Президент әкімшілігінің қарауында жатыр.