×

Ақтөбеде сотталғандарды теологиялық оңалту мақсатында діни іс-шара өтті

Дастархан басындағы сұхбат спорттық ойындармен жалғасты

 Динара Амантай 13.12.2022 | 09:40
Фото: polisia.kz

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты №70 мекемесінде Нұр-Мүбарак ислам мәдениеті университетінің аға оқытушысы, республика деңгейіндегі теолог Нұржан Станбакиевтің және «Ихсан орталығы» қоғамдық бірлестігінің теологтары Бақберді Доғанбаев пен Мейірбек Қалмановтың қатысуымен мекемедегі сотталғандарды теологиялық оңалту мақсатында кезекті діни іс-шара ұйымдастырылды.

Діни іс-шараның тиімділігін арттыру мақсатында дастархан басындағы еркін сұхбат форматында ұйымдастырылған кездесу сотталғандар арасында спорттық ойындармен жалғасын тапты. Спорттық іс-шарада жеңіске жеткен сотталған азаматтарға бағалы сыйлықтар табысталды.

Аталған іс-шараның мекемедегі жазасын өтеуші сотталғандарды теологиялық оңалту жұмыстарының нәтижелі болуына мол әсері тиді. Жалпы, сотталғандар арасында осындай теологиялық оңалту бағытындағы іс-шараларды өткізудегі мақсат – оларды теолог мамандармен ашық әңгімелесуге тарта отырып, оңалтуға ықпал жасау. Сонымен қатар, іс-шараны осындай ерекше форматта ұйымдастырудағы ойымыз – спорттық іс-шаралар арқылы сотталғандардың көңіл-күйлерін көтеріп, дастархан басында олардың жақсы қарым-қатынаста болуына ыңғай жасау. Негізі сотталғандарды оңалту мақсатында жыл басында бекітілген іс-жоспарымызға сәйкес, «Ихсан» және «Ақниет орталығы» қоғамдық бірлестіктері, Қазақстан мұсылмандар Діни басқармасы, мешіт имамдарының аптасына екі рет мекемеге келуімен жеке және топтық іс- шаралар ұйымдастырылады, – деді №70 мекемесі теологиялық оңалту жұмысын ұйымдастыру тобының аға инспекторы Абай Тұрымұлы.

Одан бөлек, мекемедегі сотталғандарды оңалту мақсатында басқа да кездесу іс-шаралары жиі өткізіледі екен. Абай Тұрымұлының айтуынша, биыл мекемеге Бас мүфти де арнайы барып, жазасын өтеуші сотталғандарды оңалту бағытында жақсы әңгімелесу болған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама