Петропавлда тағы да құбыр жарылып, бірнеше нысанды су басты

Еркеғали Болатұлы

Суды сорғымен айдап шығаруға ауа райы қолайсыз болып тұр

фото: дереккөз

Петропавл қаласында тағы су құбыры жарылды. Соның салдарынан теміржолды, жеке меншік үйлерді және өндірістік қоймаларды су басты, деп хабарлады Sputnik Қазақстан.

«Қызылжар су» ЖШС-нің атқарушы директоры Арман Саутов құбырдың бір тәуліктің ішінде жөнделетінін уде етіп отыр.

Түнгі сағат 1-де қаладағы су қысымы түсіп кетті деген хабар түсті. Бригада бірден оқиға орнына аттанды. Оңтүстік-батыс су тарату желісінде диаметрі 800 миллиметрлік құбыр тесілген. Себебі анықталды. Фланец төлкесі жұлынып кеткен. Бұған дейін Жұмабаев көшесінде дәл сондай ақау болған, - дейді Арман Саутов.

Оның айтуынша, қазір барлық шағын ауданда су бар. Бірақ Береке шағын ауданында және Жұмысшылар кентінде судың қысымы төмен болып тұр. Осыған байланысты халыққа суды көлікпен жеткізу шаралары ұйымдастырылған.

Апат салдарынан теміржолды, «Радуга» ЖШС-іне қарасты қоймаларды және 6 қоспәтерлі үйді су басқан. Оған да «Қызылжар су» бригадалары жіберіліп, мамандар суды сорғымен айдап шығаруға кірісті. Бірақ ауа райы қолайсыз болып тұр.

Құбырды жөндеу үшін ауа температурасы плюс болуы керек. Сол себепті, қазір апат болған жерді жауып жылытамыз, жылыту құралдарын қосамыз. Ішінде қолайлы температура болғасын су құбырын жөндеуге кірісеміз, - деді кәсіпорын басшысы.

Айта кетсек, магистральда осымен үшінші рет қатарынан ірі апат болып отыр. Бұған дейін Жұмабаев көшесінде құбыр жарылса, 316 атқыштар дивизиясы көшесінде тура сондай апат болған еді.

Бұл құбыр 2009 жылы жаңартудан өткен болатын. Бірінші және үшінші апат болған жерде бір мердігер жұмыс атқарды. Ол – «КЭК Рустем» ЖШС. Өкінішке қарай, қазір ол фирма жоқ. Сол себепті, ешкімге талап қоя алмаймыз. Барлық шығын «Қызылжар суға» жүктеліп отыр, - деді Арман Саутов.

Ал 1 желтоқсанда екінші апат болған жерді бұрынғы мердігер жөндейді. 2019 жылы Жұмабаев көшесінде су құбырының 300 метрін жаңарту жұмыстарын астаналық «РемСтройСервисПВ» ЖШС атқарған. Учаске 2021 жылы пайдалануға берілген. Кепілдігі 2 жыл еді. Соның аясында компания құбырды жөндеп беруге міндеттелді.