Екібастұздағы апат: жоспарлы 538 млн теңге қайда жұмсалды

Ая Өміртай

Компания биыл тозған қазандықтарды жөндеуді жоспарламаған

Коллаж: Halyq Uni

«Екібастұзтеплоэнерго» ЖШС-ның 2022 жылғы инвестициялық бағдарламасы 537,8 млн теңге сомасында бекітілген, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Инвестиция көзі бекітілген тарифтік сметада амортизация есебінен, яғни халықтан жиналған тариф қаржысынан жүзеге асырылады.

2022 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған инвестициялық бағдарламаны іске асыру жөніндегі компания қызметі туралы есебінде атқарылып жатқан жұмыстар реті көрсетілген. Дегенмен компания есебінде жылу апатына себеп болған тозған қазандықтарды жөндеу қарастырылмаған.

«Күл-қоқыс қалдықтарын сақтау мақсатында күл үйіндісінің №2 учаскесін қайта құру. Жоспарлы шығындар 287,4 млн теңге, оның игерілгені 10,2 млн теңге. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге және материалдарды жеткізуге келісімшарт жасалды. Іс-шара жүріп жатыр», – делінген компания есебінде.

Бұдан бөлек Екібастұз ЖЭО ауыз сумен жабдықтау схемасын қайта құру және 6000 м3 ауыз су қоймасын технологиялық су қоймасына көшіру жұмыстарына 160,2 млн теңге қарастырылған.

Осы сияқты су жылыту ғимаратының шатырын қайта жаңарту, №13 қазандық агрегатының жабдығын қайта құру, орталықтан тыс жылу желілерін орталық жылу пункттеріне қайта құру жұмыстары аталған.

«Екібастұзтеплоэнерго» ЖШС құрамына Екібастұз ЖЭО және Екібастұз жылу желілері кіреді. Компанияда барлығы 684 адам жұмыс істейді. Ал Екібастұз ЖЭО қаланы жылумен қамтитын жалғыз әрі облыстағы ең ескі кәсіпорындардың бірі. Биыл стансаның іске қосылғанына 65 жыл.

Еске салайық, 27 қарашада Екібастұз халқы қақаған суықта жылусыз қалды. «Екібастұзэнерго» ЖШС-ның хабарлауынша, 27 қарашада түнгі сағат 01:20 уақытында №11 жылу қазандығы тоқтаған. Сосын 01:30 шамасында үлкен көлемдегі желілік су шығынына байланысты, №13, 14 және 15 қазандықтар істен шыққан.

28 қарашада Екібастұз қаласының әкімі жылу желілеріндегі апатқа байланысты қала аумағында техногендік сипаттағы жергілікті төтенше жағдай жариялады. Апат салдарынан көпқабатты 17 тұрғын үй және бірнеше әлеуметтік, заңды тұлға нысандары жылусыз қалды. Премьер-министр Әлихан Смайылов Екібастұздағы апатты жағдайға жылу желілерінің әбден тозуы мен басшылық немқұрайдылығын себеп екендігін айтқан.  

Halyq Uni бұған дейін қақаған қыста жылусыз қалған Екібастұз қаласында қала көшелерін жөндеуден өткізуге 1,5 млрд теңге теңге қарастырылғандығы туралы хабарлаған болатын.