Алматыдағы 28 панфиловшылар саябағының маңдайшаларын ұрлаған үшеу қамауға алынды

Айнұр Шошаева

Ұрлағандар да, ұрланған затты сатып алушылар да қамауға алынды

фото: polisia.kz

4 наурызда Алматы полициясына 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта Батырлар аллеясының тұғырынан 2 әріп пен 13 маңдайшаның ұрланғаны туралы арыз түскен. Бұл іс ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігі, сондай-ақ ҚК-нің 294-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

Қылмысты ашу үшін арнайы жедел-тергеу тобы құрылды, оның құрамына қаланың криминалдық полициясының қызметкерлері енген.

«Ұрылар бірден анықталды, олар мінген көлік те белгілі болды. Күдіктілер - үшеу, 25-26 жастағы Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданына қарасты ауыл тұрғындары. Қамауға алынған үшеу шойын маңдайшалар мен әріптерді қабылдау пунктіне өткізу үшін ұрлағанын мойындады», - делінген Алматы қаласы ПД баспасөз қызметі.

Үрланған заттарды сатып алуға қатысы бар тағы үш адам анықталған. Олар да сол Еңбекшіқазақ ауданына қарасты ауылдың тұрғындары болып шықты.

Түрксіб ауданындағы Бекмаханов көшесі бойындағы металл қабылдау пунктінде Батырлар аллеясынан алынған әріптер мен маңдайшаларды ерітуге дайындаған. Салмағы 44,5 келі шығатын заттай айғақтар тәркіленді. Сатып алушыларға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 196-бабы 1-бөлігі, яғни қылмыстық жолмен алынған мүлікті иемдену дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Олар да уақытша ұстау изоляторына қамалды.