Мас күйде жол апатына ұшыраған Антикор қызметкеріне қатысты тергеу уақытша тоқтатылды

Халық үні

Лауазымды тұлға 7 ақпаннан бері пневмония диагнозымен ауруханада жатыр

Жезқазғанда мас күйінде жол апатына ұшыраған Антикор қызметкеріне қатысты тергеу жүріп жатыр.

Антикор басшысының бұйрығына сәйкес, агенттіктің Жезқазған аймағы бойынша ауданаралық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл басқармасының аға офицері Д.Т. Кудикеновтың заңсыз іс-әрекеттері фактісі бойынша қызметтік тергеу жүргізуде.

Қазір Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының сотымен ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 3-бөлігі (мас күйінде жол-көлік оқиғасын жасау), 611-бабы 2-бөлігі (ЖКО орнын қалдыру) және 613-бабы 1-бөлігі (көлік құралын тоқтату бойынша полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбау) бойынша Д.Т. Күдекеновке қатысты әкімшілік материалдар қарастырылуда.

2022 жылғы 7 ақпаннан бастап қазіргі уақытқа дейін Д.Т. Кудикенов «Пневмония» диагнозымен ауруханада жатыр.

Осыған байланысты, «Құқық қорғау қызметі туралы» заңның 58-бабы 4-тармағына сәйкес Д.Т. Кудикеновке қатысты қызметтік тергеу тоқтатылды. Ол жұмысқа шыққаннан кейін қызметтік тергеу қайта басталып, Д.Т. Кудикеновке қатысты тиісті шешім қабылданады.