×

Елімізде үш жылда 50 әскери қызметші суицид жасаған

 Сенатор армиядағы әлеуметтік мәселені көтерді

 Дастан Жұмабекұлы 01.12.2022 | 13:48
фото: ашық дереккөз

Парламент Сенатының депутаты Дана Нұржігіт премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында әскери қызметшілер арасындағы суицид мәселесін көтерді.

Ол соңғы 3 жылда армияда 50 әскери қызметшінің өз-өзіне қол жұмсағанын айтты.

Бас әскери прокурордың мәліметіне қарағанда, соңғы 3 жылда 237 әскери қызметші қайтыс болған. 2020 жылы – 77, 2021 жылы - 96, 2022 – 64 адам. Олардың 145-і – әскерге келісімшартпен келгендер, 59-ы – офицер, 31-і – сарбаз. Бұл азаматтардың 89-ы науқастан көз жұмған, 62-сі жол апатынан, 50-і суицидтен, ал 8 адам өзге себептерден қайтыс болған. Ең көп, яғни 89 адам ауырып көз жұмған. Бұдан көріп отырғанымыз, әскерге шақырылатын жастардың денсаулығы Отан алдындағы борышын өтеуге жарамайды, – деді сенатор.

Сондай-ақ ол әскердегі жағдайды жақсарту үшін әскерге шақырылушылардың ғана емес, жасөспірімдердің де психологиялық жағдайына баса мән беру керектігін айтты.

13-14 жастағы ер балалардың денсаулығы, тән саулығы, психикасы, психологиясы үнемі бақылауда болуы керек. Әскерге шақыру комиссиясының алдына келгенше ол баланың бүкіл психо-физикалық портреті, барлық ақпарат арнайы электронды кітапшада жиналып тұрғаны дұрыс. Қазір міндеттелген квотаны толтыру үшін әскер қатарына денсаулығы жоқ бозбалалар да кетіп жатыр, – деді Дана Нұржігіт.

Ол әскери қызметшілердің әлеуметтік, тұрмыстық жағдайы туралы да мәселе көтерді. Оның айтуынша, әскерде көптеген мәселе қордаланып қалған. Қарулы күштер қатарына келісім-шарт бойынша қызметке келген әскери қызметшінің бірінші жылдағы жалақысы – 82 мың теңге. Қазақстан дәрігерлерінің жалақысы көтерілгенде, еліміздің әскери дәрігерлері бұл үлестен қалыс қалып, бүгінде олардың жалақысы 200 мың теңге болып тұр.

2021 жылдан бері «Әскери баспана» бағдарламасы аясында «Отбасы банк» алғашқы жарнаны 5 пайыздан 20 пайызға дейін өсірген. Ал жалақысы 100 мыңға да жетпейтін жас әскери маман баспананың алғашқы 20 пайызын қалай төлемек? Осыдан кейін барып, әскери адамның қоғамдағы мәртебесі туралы қандай сөз қозғауға болады?! –  деді депутат.

Сөз соңында сенатор әскерге шақырылатын және әскерге шақырылғандардың денсаулығын сақтау мен қадағалау, олардың денсаулығының электрондық тіркелімін жасау және әскери қызметшілердің жағдайын жақсартуға байланысты бірнеше ұсыныс айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама