×

Байзақтағы жарылыстан кейін сүйегі табылған Дәуітбаевты жерлеу рәсімі өтті (ВИДЕО)

Марқұмның отбасы Байзақ ауданының Базарбай ауылында тұрады

 Ұлдана Жұбай 01.12.2022 | 12:15
Коллаж: Халық үні

Жамбыл облысында бір жыл үш айдан кейін сүйегі табылған Бауыржан Дәуітбаевты жерлеу рәсімі өтті, деп хабарлайды Halyq Uni.

Байзақтағы жарылыстан кейін жоғалған Бауыржан Дәуітбаевты жерлеуге ауыл тұрғындары мен марқұмның әріптестері қатысты.

Марқұмның отбасы Байзақ ауданының Базарбай ауылында тұрады.

Айта кетейік, Бауыржан Дәуітбаев пен Ділнәз Данаеваның бес баласы бар. Күйеуі хабар-ошарсыз кеткенде Ділназ Данаева бесінші баласына жүкті болған. Ырымдап атын Аманкелді қойған.

Бұған дейін Қорғаныс министрлігі Жамбыл облысындағы 28349 әскери бөлімі өрт сөндіру бөлімінің командирі кіші сержант Бауыржан Дәуітбаевтың сүйегінің қалдықтары табылып, анықталғанын хабарлады.

«Іздеу жұмыстары Байзақ ауданындағы оқ-дәрі қоймаларындағы өрт пен жарылыстардан кейін 2021 жылдың 26 тамызынан бастап жүргізілді. Сүйек қалдықтарын бөлімнің әскери қызметшілері іздеу жұмыстары барысында тапты. Молекулярлық-генетикалық сараптама оның Бауыржан Дәуітбаевқа тиесілі екенін көрсетті. Жоғалған әскери қызметкердің сүйегінің қалдықтары мен қандас туыстарының ДНК талдаулары толығымен сәйкес келді», - делінген ақпаратта.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес марқұмның отбасына жерлеу шығындары, атқаратын лауазымы бойынша бес жылдық ақшалай қаражат мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді.

Сондай-ақ тұрғын үй сатып алу үшін төлем қарастырылған. Оның мөлшері әскери қызметші қызмет еткен аймаққа және отбасы мүшелерінің санына байланысты болады. Сонымен қатар марқұмның балаларын оқытуға және жұмысқа орналастыруға, сондай-ақ басқа да мәселелерді шешуге көмек көрсетіледі, - делінген министрлік таратқан ақпаратта.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама