×

Мемлекет Байзақтағы жарылыстан кейін сүйегі табылған Дәуітбаевтың отбасына қандай көмек беретінін айтты

Дәуітбаевтың отбасына жаңа баспана әпереді, сондай-ақ ұл-қыздарын оқыту және жұмысқа орналастыруға көмек көрсетіледі

 Халық үні 01.12.2022 | 09:38
Коллаж: Халық үні

Байзақтағы жарылыстан кейін жоғалған Бауыржан Дәуітбаевтың отбасына қаржылай көмек пен үй беріледі, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қорғаныс министрлігі Жамбыл облысындағы 28349 әскери бөлімі өрт сөндіру бөлімінің командирі кіші сержант Бауыржан Дәуітбаевтың сүйегінің қалдықтары табылып, анықталғанын хабарлады.

«Іздеу жұмыстары Байзақ ауданындағы оқ-дәрі қоймаларындағы өрт пен жарылыстардан кейін 2021 жылдың 26 тамызынан бастап жүргізілді. Сүйек қалдықтарын бөлімнің әскери қызметшілері іздеу жұмыстары барысында тапты. Молекулярлық-генетикалық сараптама оның Бауыржан Дәуітбаевқа тиесілі екенін көрсетті. Жоғалған әскери қызметкердің сүйегінің қалдықтары мен қандас туыстарының ДНК талдаулары толығымен сәйкес келді», - делінген ақпаратта.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес марқұмның отбасына жерлеу шығындары, атқаратын лауазымы бойынша бес жылдық ақшалай қаражат мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді.

Сондай-ақ тұрғын үй сатып алу үшін төлем қарастырылған. Оның мөлшері әскери қызметші қызмет еткен аймаққа және отбасы мүшелерінің санына байланысты болады. Сонымен қатар марқұмның балаларын оқытуға және жұмысқа орналастыруға, сондай-ақ басқа да мәселелерді шешуге көмек көрсетіледі, - делінген министрлік таратқан ақпаратта.

Қарулы күштердің жеке құрамы орны толмас шығынға байланысты марқұмның жақындарына қайғырып көңіл айтты.

Айта кетейік, бұған дейін Бауыржан Дәуітбаевтың сүйегі табылғаны хабарланды.

Бірінші желтоқсанда Жамбыл облысы Базарбай ауылында Бауыржан Дәуітбаевты жерлеу рәсімі өтеді.

Айта кетейік, марқұмның отбасы Байзақ ауданының Базарбай ауылында тұрады. Бауыржан Дәуітбаев пен Ділнәз Данаеваның бес баласы бар. Күйеуі хабар-ошарсыз кеткенде Ділназ Данаева бесінші баласына жүкті болған. Ырымдап атын Аманкелді қойған.

БАЙЗАҚТАҒЫ ЖАРЫЛЫС

2021 жылдың 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімнің қоймасынан өрт шықты. Бас кезінде әскери бөлімнің өрт сөндірушілері тілсіз жаумен өздері күресіп көрген. Артынан төтенше жағдайлар қызметінің өрт сөндірушілері келді. Ал бір сағаттан кейін оқ-дәрілер жарыла бастады. Жақын маңдағы ауыл тұрғындары Таразға көшіруге шешім қабылданды.

Жарылыс 2021 жылдың 26 тамызында Байзақ ауданы Қайнар ауылынан 420 метр жерде болды. Салдарынан Қайнар, Үшбұлақ, Жібек жолы ауылдарында 35 аула және 12 кәсіпкерлік нысан бүлінді. Жамбыл әкімдігінің хабарлауынша, қираған нысандарды қалпына келтіруге 430 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. 

2021 жылдың 29 қазанында Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Әскери қоймадағы жарылыстар кезінде қаза тапқан азаматтар мен олардың әйелдерінің кредиті кешірілді.

2022 жылдың тамызында Жамбыл облысында Байзақтағы әскери бөлім қоймасындағы жарылыстан қайтыс болғандарға ескерткіш тақта орнатылды. Ескерткіш тақта Байзақ ауданы Қайнар ауылындағы әскери бөлімде ашылды. Ол жерде төтенше жағдай кезінде қайтыс болған 17 адамның аты-жөні жазылған. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама