Halyq Uni логотип
×

«Солтүстікте тәртіп жоқ». Әкімдікке сенуден қалған тұрғындар бар мұңын Мұхтар Тайжанға айтты

СҚО-да ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер жаппай аукционға шығарылған

 Самат Жақып 05.03.2022 | 10:23
«Солтүстікте тәртіп жоқ». Әкімдікке сенуден қалған тұрғындар бар мұңын Мұхтар Тайжанға айтты
фото: Halyq Uni

Солтүстік Қазақстан облысында жер дауы уақыт өткен сайын күрделеніп барады. Бір кездері мыңдаған гектар жерді жалға алған кәсіпкерлер халыққа тиесілі пайын төлемей отыр. Бұл аздай, кейбірі тіпті учаскелерді кепілге қойып, түрлі қаржы ұйымдарынан несие алған. Артынша қарызды өтей алмай, оларды аукционға шығарған.

Айыртау ауданындағы Бірлестік, Қарақамыс, Дәуқара, Светлый және Егіндіағаш ауылдарының халқы алаяқтардың құрбаны болы. Әділдік іздеп жүргеніне екі жылдан астам уақыт болған халыққа жергілікті билік ешбір көмек болмай жатыр.

«Бес ауылға тиесілі жер 2018 жылы аукционға шығарылып, сатылып кете жаздады. Сол кезде осы елді мекендердің халқы бас көтеріп, тоқтатты. Олар бізге тиесілі 48 мың гектар жерге сырттай құжат жасап, банкке заңсыз өткізіп жіберген. Алдыңғы жылдары аз-маз пайымызды алып келдік. Былтыр мүлде берген жоқ. Ауылдарға еш көңіл бөлінбейді. Мектепте бала саны азайып, кей сыныптар жабылып жатыр. Жағдайымыз мәз емес. Ауданнан, облыстан билік өкілдері келіп уәдені үйіп-төгіп кетеді. Бірақ қолынан ештеңе келмейді. Жеріміз қазір кепілде тұр», - дейді Бірлестік ауылының тұрғыны Мұхтар Қайыржанов.

«ТӘУЕЛСІЗ КОМИССИЯ ҚҰРЫЛСЫН»

Бұл ауылдарға тиесілі жерді қаржы институтына (банкке- авт.) кепілге қойған - «Рамут» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Содан бастап бес мың адам шартты түрде жер үлесінен қағылған. Пысықайлар халықтың атынан заңсыз қол қойып, қажетті құжаттарды өздері жасап алған. Ал бұл істі жегілікті тұрғындар бертінде ғана естіген.

«Рамут» компаниясының сол кездегі бас директоры – Бейбіт Молдашев деген азамат болған. Құрылтайшысы - Мұрат Теміржанов. Ол қазір ауыл шаруашылығы министрлігінде Жер ресурстары комитетін басқарады. Осы адамдардың кесірінен біздің жеріміз кепілде тұр. Пайсыз қалдық. Сот ұзаққа созылып кетті. Себебі де белгілі деп ойлаймын. Мынадай ықпалды адамдар тұрғанда, мәселе оңайлықпен шешілмейді. Сондықтан тәуелсіз комиссия құрылса дейміз. Сол үшін ел президенті Қасым- Жомарт Тоқаевтан көмек сұраймыз», - дейді Қарақамыс ауылының тұрғыны Орынбай Атығаев.     

Айыртау ауданының өзінде 150 мың гектарға жуық жер алаяқтық жолмен аукционға шығарылған. Қазір бұл іске қатысы барлар анықталып жатыр.

Жер мәселесі - бүгінде Айыртау ауданындағы басты проблема. Бес ауылдың жерін заңсыз сатты деген күдікпен Мәжит Сабиров деген кісі ұсталып, үстінен қылмыстық іс қозғалды. Қалған елді мекендерге қатысты да проблемалар өте көп. Дені арыз-шағым түсіп жатыр, - дейді Айыртау ауданының прокуроры Жандос Әміров.

СМАРТФОНЫ БОЛМАҒАН СОҢ СОТҚА ҚАТЫСПАҒАН

Естеріңге сала кетейік, бұған дейін Шал ақын ауданына қарасты Балуан ауылы тұрғындарының да дәл осындай мәселеге тап болғаны жайында жазған едік. Олардың да ісі сотта қаралған, бірақ сот шешімі халықты қанағаттандырмай отыр.

«Сот басталмай жатып, аяқталды. Судья Вьюхова біздің ауылдың жерін сатып жіберген «Казипрохем Агро» серіктестігінің бұрыңғы директоры Жанат Серғалиев деген кісіні сот отырысына шақырта алмады. Айтуынша, ол кісіде онлайн қосылуға мүмкіндікжоқ, яғни смартфоны жоқ. Бұл дегеніміз масқара ғой! Құжаттарды да дұрыс қарамаған. Мәселен, 2006 жылы АҚШ-қа кеткен Нәйля Нұралина деген ауылдасымыз 2009 жылы жасалған сенімхатқа қол қойғаны көрсетілген. Бір қызығы, ол былтыр Қазақстанға оралды. Сот оны да назарға алмады. Тағы бір жерлесіміздің нотариуста жасалған құжатта қолы қойылған. Біз қазір сотқа сенуден қалдық. «Жаңа Қазақстанды» құру үшін әкімшілік қызметкерлерін, прокуратура мамандарын және сот жүйесін өзгерту керек. Бұлай болмаса еш жерден әділдік таппаймыз. Бірақ біз мұнымен тоқтамаймыз. Соңына дейін барамыз», - дейді Балуан ауылының тұрғыны Диқан Кәрішалов.

Солтүстік Қазақстандағы жағдайды естіген қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан өңірге ат басын арнайы бұрды. Қоғам белсендісі Саймалкөлде бірнеше аудан тұрғындарымен кездесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдады. Тұрғындардың тізбелеп айтып берген мәселесін қойын дәптеріне түртіп алып, мемлекет басшылығына жеткізуге тырысатынын айтты.

«Заңды өзгерту керек. Ол үшін президент Қасым-Жомарт Тоқаев нақты тапсырмалар бергені дұрыс. Себебі солтүстікте тәртіп жоқ. Оның үстіне мына жергілікті әкімдер биылдан бастап сайлануға тиіс деп ойлаймын. Оларды халық өзі таңдамаса, ешбір мәселені шешпейді. 2020 жылы еліміздегі төрт облыстағы ауыл шаруашылығы жерлеріне қатысты ғарыштық маниторинг  жасалды. Нәтижесінде 8 миллион гектардан астам жердің игерілмей жатқандығы анықталып, оның жартысы мемлекетке қайтарылды. Бірақ былтыр министріліктегілер бұл жүйені әдейі бұзды. Өтйкені оларға тиімсіз. Сол жақта отырғандардың өздері жерлерді жаппай иеленіп алған», - деді Мұхтар Тайжан.

Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында жер дауына байланысты 20-ға жуық іс сотқа жеткен. Тағы да сонша іс прокуратурада қаралып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама