Қазақстанда 100 мың ресейлік жүр: көрші елден келген 22 мың адам жұмыс істейді
323 мың ресейлік елден кеткен
Қазақстанда көрші Ресейден келген 100 мың адам жүр жүр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Министр Ресейде ішінара мобилизация жарияланған соң Қазақстанға келген ресейліктерге қатысты нақты ақпаратты Ішкі істер министрлігі беретінін атап өтті.
Біз күн сайын алмасатын шұғыл деректер бойынша 400 мыңнан аса ресейлік (Қазақстанға – автор) келді. 323 мың ресейлік елден кетті. Әзірше, шамамен 100 мың ресейлік осында жүр. Енді еңбек мигранттарына тоқталайын. Өткен жылдардағы көрсеткішті қоса алғанда 22 мың ресейлік Қазақстанда жұмыс істеп жүр. Олар зейнетақы жарнасын аударады, - деді министр Үкімет отырысынан соң.
Айта кетейік, биыл 21 қыркүйекте Ресейде ішінара мобилизация жарияланған еді. Сол кезде Ішкі істер министрлігі Қазақстанға тек заңға бағынатын ресейліктер келіп жатқанын хабарлады.
Сондай-ақ премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин ресейліктерге көмектесу керектігін айтқан еді.
Ал Ресейде ішінара мобилизация 1 қарашада аяқталды.
Сонымен қатар Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Ресейде жарияланған ішінара мобилизация Қазақстан экономикасына қалай әсер еткенін түсіндірген.