Сот отырысы 15 желтоқсанда сағат 15:00-де өтеді
Президент сайлауына «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының атынан түскен Жигули Дайрабаевтың екі ұлына қатысты сот отырысы тағы да кейінгі қалдырылды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
28 қарашада Тараз қаласы №2 сотында сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемдену, ірі мөлшерде алаяқтық жасады деген айыппен төрт азаматқа қатысты іс қаралуы қажет еді. Алайда сот отырысы 15 желтоқсанға қалдырылды.
Бұл жолы да сот отырысының не себепті кейінге шегерілгені хабарланбады. Жамбыл облыстық сотының баспасөз қызметі себебі жарияланбайтынын мәлімдеді.
Жамбыл облыстық сотының хабарлауынша, іс №2 қалалық сотының өндірісіне 2022 жылдың 19 қыркүйегінде түскен.
Айыпталушылардың арасында Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары Ерлан Күлкеев және Елжан Елібай бар. Олар тергеу изоляторында отыр. Ал Марат Дайрабаев пен Дидар Молдақалық үйқамаққа алынған.
Айта кетейік, Қазақстан президентін кезектен тыс сайлау 2022 жылдың 20 қарашасында өтті. Нәтижесінде Қасым-Жомарт Тоқаев 81,31% (6 456 392 адам) дауыс жинап, президент болып сайланды. Ал Жигули Дайрабаевқа сайлаушылардың 3,42 пайызы (271 641 адам) дауыс берген.