«Рахат» фабрикасы бір қолынан айрылған жұмысшысына 30 млн теңге төледі
Екі ұлының еліміздің кез келген университетіндегі оқу ақысын да төлеп бермек
Алматылық заңгер Анна Димитриевич Instagram желісіндегі парақшасында «Рахат» кондитерлік фабрикасының зардап шеккен жұмысшысына қатысты даудың соңы немен аяқталғанын жазды.
Оның айтуынша, дау ауызбіршілікпен шешілген. Олар сотқа жүгінбеген.
Әйел протез және емделу үшін 30 миллион теңге өтемақы алды. Зауыт болашақта екі ұлының еліміздің кез келген университетіндегі оқу ақысын төлеп береді. Сонымен қатар, протездеуден кейін ол зауытта жұмыс істей алады, - деді Анна Димитриевич.
Еске сала кетсек, бұған дейін Алматыдағы «Рахат» кондитерлік фабрикасы жұмысшысының өндіріс орнында оң қолынан айырылғанын, оқыс оқиға салдарынан мүгедекке айналған оған ұйым тиісті өтемақы төлемей отырғанын жазған болатынбыз.