×

«Өтемақы төлеуден бас тартқан»: «Рахат» фабрикасында әйел бір қолынан айырылды

Компания сынған ыдысты қоқысқа тастай салғандай, бұрынғы қызметкерінің жағдайына қолын бір сілтеген

 Еркеғали Болатұлы 23.06.2022 | 17:54
коллаж: orda.kz

«Қазақстан» шоколады мен тәттілерімен танымал Алматыдағы «Рахат» фабрикасының қызметкері өндіріс орнында оң қолынан айырылған. Оқыс оқиға салдарынан мүгедек жанға айналған оған ұйым әлі тиісті өтемақы төлемепті. Бұл туралы зардап шеккен әйелдің адвокаты Анна Чернова мәлімдеді. Оқиғаның мән-жайын Stan.kz тілшісі анқытап көрген.

Адвокаттың айтуынша, Аза есімді алматылық әйел кондитерлік өнімдерді өндіруші болып жұмыс істеген. 2021 жылдың желтоқсанында ол бір қолынан айырылыпты.

«Жақында әріптестерімнен бұл оқиға жайлы естіп, қатты қаймықтым. Тіпті, ол туралы жазып отырғанымда көзіме жас та келді. Бұл жағдайды бастан кешірмек тұрмақ, елестетудің өзі қиын. Жазатайым оқиға туралы актіде жұмыс берушінің кінәсі айқын көрсетілген. Әйел салдарынан 50% еңбек қабілеттілігінен айырылып, III топтағы мүгедек болып қалды», – дейді адвокат.

Оның айтуынша, компания алдымен қызметкерді қиын жағдайда қалдырмаймыз деп уәде берген. Алайда мұның бәрі сөз жүзінде қалыпты.

«Протез бен апатқа байланысты шығындар түгел өтелуі керек еді. Бірақ түптеп келгенде, ұйым өтемақы төлеуден бас тартқан. Олардың бұл әрекеті адамгершілікке жатпайды. Енді зардап шеккен әйел бір қолсыз өмір сүруге дағдылануы керек. Ал компания болса, сынған ыдысты қоқысқа тастай салғандай, бұрынғы қызметкерінің жағдайына қолын бір сілтеген», – деп жазды Instagram-дағы парақшасында Анна Чернова.

Оқиғаға байланысты Stan.kz тілшісі «Лотте Рахат» АҚ-нан пікір алды. Компания жазатайым оқиғаның болғанын растады.

«Аза компания қызметкері болып қалады және жарақат алған сәттен бастап оған толық көлемде еңбекке жарамсыздық парағы төленеді (орташа жалақымен есептегенде 100%), сондай-ақ оған ұжымдық шартқа сәйкес бастапқы мұқтаждықтары үшін 1 миллион теңге мөлшерінде материалдық көмек берілді. Егер зардап шеккен қызметкеріміз жұмысқа кіріскісі келсе, оған бұрынғы лауазымынан төмен емес еңбекақы төлеу шарттарымен жеңіл еңбек жағдайындағы позиция беріледі. Бұдан басқа, оған нақты мөлшерін сақтандыру компаниясы анықтайтын ай сайынғы сақтандыру төлемдері тағайындалады. Компания протез сатып алуға материалдық көмек көрсетеді. Сонымен қатар, біз Азаның балаларын жоғары оқу орындарында кәсіпорын қаражаты есебінен оқытуға ұзақ мерзімді міндеттеме аламыз. Әрі қарай жұмысқа орналастыру мүмкіндігін де қолға аламыз», – дейді компанияның баспасөз қызметі.

Ұйымның хабарлауынша, жазатайым оқиғалар кезінде жұмыскерлердің құқықтарын қорғау мақсатында «Лотте Рахат» АҚ жыл сайын міндетті сақтандыру шарттарын жасайды.

«Азадан қажетті құжаттар алынғаннан кейін оған келтірілген шығынды өтеу үшін сақтандыру компаниясына жіберілді. Жақын арада өтемақы мөлшері анықталатын болады. Біздің компания жұмыс орнында ашықтық, әділдік және қауіпсіздік саясатын жүргізетінін қайталаймыз. «Лотте Рахат» АҚ-ның командасы Азаға алдағы уақытта көмек беруге дайын», – делінген хабарламада.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама